Жастар кадрлық резервіне апарған еріктілік: сарапшы пікірі

Еріктіліктен Жастар кадрлық резервіне өткен Динара Тайбасарқызы туралы білесіз бе?

Фото: newsroom.kz

Newsroom.kz порталы Мемлекет басшысының бастамасымен жасақталған Жастар кадрлық резервінің қызметін халыққа жеткізуді жөн көріп, резерв мүшелерімен сұхбат жүргізіп келеді.

Егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан резерв мүшелерінің бірі Республикалық “Жас Ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы, “Аманат” партиясының Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары, Президенттің жастар кадрлық резервінің мүшесі Динара Тайбасарқызы newsroom.kz порталына берген сұхбатында кадрлық резервтегі қызметі, еріктілік, Мемлекет басшысының бастамасы туралы айтты.

- Динара ханым, білуімізше Сіз осы Президенттің жастар кадрлық резервіне енгенге дейін ерікті болдыңыз, праймеризге қатыстыңыз. Өзіңіз туралы аз-кем айта кетсеңіз?

- Бастауыш сыныпта өте тұйық, ашық сөйлесуге, өз пікірімді айтуға қорқатын бала едім. 5 сынып оқып жүрген кезімде Ақмола облысында белсенді жұмыс істейтін «Жұлдыз» балалар ұйымына кіргенімде бәрі өзгерді. Онда топпен жұмыс істеуді, іс-шараларды ұйымдастыруды, көпшілік алдында сөйлеуді үйрендім. Бұл маған мектептің, кейін ауданның президенті болуға, облыстық және республикалық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік берді. Университетте белсенді қоғамдық жұмысымды жалғастырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер кеңесінің төрайымы, кейін Алматы студенттері альянсының жетекшісі болдым.

Балалар ұйымының менің өмірімдегі рөлін түсініп, университетті бітіргеннен соң саналы түрде жұмысымды құрылған «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымымен байланыстыруды жөн көрдім. Қарапайым маманнан ұйым басшысына дейін балалармен жұмыс істеп жүргеніме 10 жылдан асты.

Менің оқуға, білім алуыма қоғамдық өмірім кедергі болған жоқ. Мектепті «Алтын белгімен», бакалавр дәрежесін үздік, екі магистратураны бітірдім, қазір докторантурада оқып жатырмын. Кадис университетінде (Испания) және Кембридж университетінде (Ұлыбритания) шетелдік ғылыми тағылымдамадан өттім.

2021 жылы Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуден сәтті өтіп, нәтижесінде «AMANAT» партиясына жұмысқа шақырту алдым. Қазір Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары қызметін атқарамын – бұл партия жанындағы аналитикалық құрылым. Бірақ «Жас Ұланнан» кеткенім жоқ. Онда еріктілік негізде жұмыс жасаймын.


-
 Сіз үшін еріктілік деген не? Батыстан келген осы ұғымды қазақы түсінікпен қалай айтар едіңіз...

- Еріктілік - бұл адамдарға көмектесу, материалдық пайда күтпестен әртүрлі қоғамдық немесе қайырымдылық шараларына ерікті түрде қатысуы. Қазақ мәдениеті мен дәстүрлері тұрғысынан еріктілікті ежелгі Асар әдет-ғұрпының заманауи түсіндірмесі ретінде қарастыруға болады. Асар - қазақ халқының өзара көмек пен ынтымақтастық қағидатына негізделген тарихи тәжірибесі, онда адамдар бір адам үшін қолайсыз дүниелерді немесе міндеттерді орындау үшін бір-біріне ерікті түрде көмек берген. Бұрын бұл, мысалы, құрылысқа немесе ауылшаруашылық жұмыстарына көмек көрсетуде көрінді. Демек, қазақ қоғамындағы еріктілік қызметтің тамыры тереңде жатыр және қазақ мәдениетіне сан ғасырлар бойы еніп келе жатқан өзара көмек пен ынтымақ дәстүрлерінен бастау алады.


Еріктілік қызметтің негізінде мынадай негізгі қағидаттар жатыр: ақысыз, ерікті түрде, еріктілік қызметтің тең құқылы мен заңдылығы қағидаты.

Бүгінгі таңда елімізде еріктілік қызметті дамытуға жағдай жасалған, еріктілік қызмет туралы заң бар, еріктілер ұйымдары жұмыс істейді. Дегенмен, бұл саланың дамуына 2020 жылы өткен - Еріктілер жылы серпін берді.

Еріктілік қызметпен айналысу барысында қандай ірі жобаларды жүзеге асырдыңыз?

- Ұйым жанында белсенді жұмыс істейтін ZhasUlanTEAM еріктілер штабы бар. Қазіргі уақытта штабта Астана бойынша 300-ге жуық, республика бойынша 3000-ға жуық еріктілеріміз бар. Олар әртүрлі жобаларға, соның ішінде спорттық және қоғамдық шараларды ұйымдастыруға қатысады, мысалы, 2023 жылдан бастап «Барыс» хоккей клубының матчтарында еріктілік қызмет етуде.

Сонымен қатар, еріктілік қызмет аясында біз бірнеше ірі жобаларды жүзеге асырып келеміз. Атап айтқанда, 2020-2021 жылдары эковолонтерлікті дамыту мақсатында «Birgemiz: TazaAlem» жалпыұлттық жобасын іске асырдық. Жоба аясында 1000 ерікті арнайы оқытулардан өтті, 68 экожобаны 300 000 теңгеден қаржылай қолдадық, 30-дан астам жер жырту және экопикник өткіздік, жүздеген тонна қоқыс жинадық, 2000-нан астам ағаш отырғыздық, 500-ден астам жануарға көмек көрсеттік, көптеген бірқатар іс-шараларды өткіздік. Біз экоеріктілікті белсенді түрде жалғастырудамыз. Еріктілеріміздің көмегімен Президенттік саябаққа 1000 сакура көшеттері отырғызылды, кейін оларға күтім мен суару жүргізілді, сенбіліктерді жиі өткізіп, жануарларға арналған баспаналарына барып тұрамыз.

Сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтау «Birgemiz: AsylaMura» жобасы. Жоба аясында 1000-нан астам еріктілер тартылып, оқытылды, олар 16 археологиялық экспедицияға қатысты, 24 тарихи-мәдени нысанды қалпына келтіруге көмектесті, 510 нысанның жағдайына мониторинг жүргізді, еліміздің 200 көрікті жерлеріне экскурсия өткізген ерікті гидтер дайындалды. Біз материалдық емес мәдени мұраны сақтау, тарихи-мәдени орындарымыз туралы Уикипедияны толтыру және т.б. іс-шараларды белсенді түрде өткіземіз.

Екі жыл қатарынан халықтың біліктілігін арттыруға және оларға қолдау көрсетуге бағытталған «Birgemiz: Bilim» жобасын жүргізіп келеміз. Жоба 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады: цифрлық, қаржылық, тілдік және компьютерлік сауаттылықты арттыру. 2023 жылы жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 2000 ерікті тартылды, 30 еріктілік бастамаларға 300 000 теңге көлемінде шағын гранттар бөлінді. Бұл жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы барлық қызығушылық танытқан жастардың қатысуға мүмкіндігі бар. Толық ақпарат @jasulan_qz және @birgemiz.bilim2023 аккаунттарында жарияланған.


-
 Жастар кадрлық резервіне енгеннен кейін өміріңізде қандай өзгерістер орын алды?

- Президенттік жастар кадрлық резерві – жас қазақстандықтар үшін тиімді әлеуметтік лифт құрған бірегей жоба. Резервшілердің 70% астамы жаңа тағайындаулар алып, қазір ел дамуына өз үлесін қосып, еңбек етуде.

Жоғарыда атап өткенімдей, резервте болуымның арқасында «AMANAT» партиясына қызметке шақырылып, өткен Парламент сайлауында Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізіміне ендім.

Дегенмен, ПЖКР мансап сатысымен көтерілу мүмкіндігі ғана емес. Бұл әртүрлі саладағы жас мамандардың қауымдастығы. Резервтің арқасында мен әртүрлі сала мамандарымен таныстым, біз жиі кездесіп, әртүрлі мәселелер бойынша брейн штормингтер ұйымдастырамыз. Резервшілер мемлекеттік органдарға ұсыныстар әзірлеуге шақырылады.

Мемлекет басшысының осы бастамасы басталғанда өтемін деп ойладыңыз ба?

- Жоба 2019 жылы басталды. Сол кезде өтінім берген болатынмын, бірақ іріктеу кезеңдеріне қатыспадым. Шынымды айтсам, тестілеу күнін ұмытып кетіппін. Бәлкім, ол кезде мен жобаның маңыздылығын әлі түсінбей, өзгерістерге дайын болмаған шығармын.

Іріктеу 2021 жылы басталғанда, мен оған саналы түрде келдім. Есімде, кезеңдердің бірі біз Жамбыл облысында болған эколагерьдің өтуімен тұспа-тұс келді. Лагерь аумағында интернет әлсіз жұмыс істеді, келесі кезеңнен өту үшін жақын маңдағы ауылға барып, тұрақты интернеті барларды іздеп, мені үйге бір-екі сағатқа кіргізе тұруды өтінуге тура келді.

Бірақ бұл күш салуға тұрарлық болды. Нәтижесінде резервке енгізілген 50 финалисттің қатарында болдым.

- Аталмыш резервке өтсем дейтін үміткерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

- Әдетте, Президенттік кадрлық резервке іріктеу екі жылда бір рет өтеді. 2023 жылы кезекті іріктеу аяқталды. Келесі іріктеу 2025 жылдан ерте болмауы мүмкін.

Дегенмен, 1 наурыздан бастап өңірлік кадрлық резервке іріктеу басталады. Сондықтан 36 жасқа толмаған барлық оқырмандарымызға бұл жобаға міндетті түрде қатысуға кеңес беремін. Байқаудың барлық кезеңдерін өтпесеңіз де, қатысу - бұл сіздің мықты және әлсіз жақтарыңызды түсінуге көмектесетін баға жетпес тәжірибе.

Сізді қандай кезеңдер күтіп тұрғанын зерттеңіз, іріктеудің әрбір кезеңі қандай екендігі туралы ғаламтордан қосымша ақпаратты оқыңыз. Іріктеуден өткен резервшілермен кеңесіңіз. Ең бастысы, бұл сізге не үшін қажет екенін түсініңіз.

Қазіргі кезде білім қусам, оқысам, дамысам дейтін жастарға қандай кітаптарды оқып, білімнің қай саласына бет бұруға бағыт бересіз?

- Болашақ мамандығын әлі шешпеген жастарға кәсіби бағдар бойынша тест тапсыруға кеңес беремін.  Олардың көпшілігі қазір ғаламторда еркін түрде қол жетімді. Тесттер сіздің бейімділігіңізді, қабілетіңізді және мықты жақтарыңызды түсінуге көмектеседі.

Мен сондай-ақ жаңа мамандықтар Атласын оқуды ұсынар едім. Еңбек нарығын талдау және әртүрлі зерттеулер негізінде атлас жақын болашақта қандай мамандықтардың өзекті болатыны және қайсысы «жоғалып бара жатқаны» туралы түсінік береді. Оның үстіне, белгілі бір салалар аясында. Бұл еңбек нарығының даму тенденцияларын шарлауға және түсінуге көмектесетін тамаша ресурс.

Сізге осы екі кеңес бірге болашақ мамандықты таңдауға көмектеседі.

Кітаптарға келетін болсақ, бөліп, нақты бір түріне кеңес бере алмаймын. Тек көп оқу керек, және түрлі әдебиеттерді – көркем әдебиетті, ғылыми, кәсіби. Көп оқитын адамды бірден байқауға болады. Мұндай адаммен әртүрлі тақырыптарда әңгімелесе аласың. Сондықтан көбірек оқыңыз, өзіңізді дамытыңыз, уақытты босқа өткізбеңіз, нақты мақсаттар қойыңыз - сонда ғана Сіз жетістікке жетесіз!

 

Жүктелуде...