Облыстағы білім беру ұйымдарының барлық қаржыландыру саласы толықтай тексеруден өткізілуде. Бұл туралы Түркістан облысының білім мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кеңейтілген мәжілісте мәлімделді,-деп хабарлайды Newsroom.kz Түркістан облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы Ерболат Балғабаев, облыстық прокуратураның, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің лауазымды тұлғалары қатысты. Сонымен бірге білім бөлімі мен мекемелерінің басшылары, есепшілері, директорлар және сала қызметкерлері де мәжіліске шақырылды. Жиынды Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев жүргізіп отырды.
Түркістан өңірінде өткен жылдан бастап облыс әкімдігінің тапсырмасымен білім саласына қатысты мекемелерде, аудандық, қалалық бөлімдерінде, мектептерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары күшейтілді. Осыған тоқталған олыс әкімінің орынбасары білім саласында әділдікті, тазалықты сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жұмыстар жаңа бағытта жалғасатынын жеткізді.
– Соңғы уақытта білім қызметкерлерінің заң бұзушылыққа баруы қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Білім саласы қызметкерлері қоғамдағы негізгі зиялылықты қалыптастыратын мамандар болуы тиіс еді. Алайда қоғам күткен сенім үдесінен шықпай тұр. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен 2022 жылдан бері балабақшаларда қаржы жымқыру, мемлекет қаржысын заңсыз иелену, мақсатсыз пайдалану, талан-таражға салу фактілерінің жолы кесілуде. Біз бұл бағытта мониторинг және тазалау жұмыстарын тоқтатпаймыз. Заң бәріне ортақ. Білім саласына бөлінген қаржыға қол салғандар заң алдында жауап береді. Осы тексеріс пен талаптан соң облыстағы білім ұйымдарының қаржыландыру жаңа бағытта дамуы тиіс. Ол үшін бүгінгі жиыннан нақты қорытынды шығару керек, – деді Бейсен Тәжібаев.
Мәжілісте жоғарыда аталған құзырлы орган басшылары мен өкілдерінің де баяндамалары тыңдалды. Жемқорлықтың алдын алу жөнінде білім бөлімі мен мекемелерінің басшыларына және есепшілеріне нақты тапсырмалар берілді.
Түркістан облысының әкімдігі мен білім басқармасы, облыстық прокуратурамен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті және Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесе тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Өңірде жүргізілген аудиторлық іс-шара барысында білім мекемелерінде 2020-2023 жылдар аралығында бекітілген тарифтен артық еңбекақы есептеу және белгісіз тұлғаларға айлық жалақыларды аудару фактілері тіркелген. Атап айтқанда, Сайрам, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Шардара, Сарыағаш, Созақ және Бәйдібек аудандық білім бөлімдеріне қарасты мекемелерінде қаржыға байланысты заң бұзушылықтар анықталған. Мемлекет қазынасына айтарлықтай шығын келтірілген. Қазіргі кезде қайтару жұмыстары да қатар жүруде.
Мәжілісте облыстағы білім беру ұйымдарының қаржыландыру саласын жаңа бағытта дамыту жайы жан-жақты талқыланды.
Бухгалтериялық есеп-қисаптағы сыбайластықты жою мақсатында есептеу жүйесін автоматтандыру үшін бірыңғай цифрлық есеп пилоттық жобасын іске асыруға «Фаворит» және «1С» бағдарламалары енгізілді. Пилоттық жоба Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандарының білім ұйымдарының бухгалтериясында іске асуда. Осы арқылы жалақының қолданыстағы заңға сәйкес есептелуі, белгісіз тұлғаларға қаржы аударылу тетіктерін жолын кесіп, ұлттық білім беру деректері базасымен (НОБД) және өзге де жүйелермен интеграцияланды. Нәтижесінде қаржылық бұзушылықтарға тоқтам болуы тиіс.
Сондай-ақ бюджет қаражатына қатысты заңсыз іс-әрекеттердің жолын кесу мақсатында бухгалтерияны автоматтандыру және бұлтты бухгалтерияға көшірудің техникалық сипаттамасы жасалып, мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы ашық конкурс жариялау жоспарлануда.
Айта кетейік, Түркістан облысының білім басқармасына қарасты 1365 білім беру ұйымында 1606 бухгалтер-экономист пен қаржы мамандары еңбек етеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі