Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
13 қараша, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістан: Кентауда тамшылатып суару машиналарын шығаратын кәсіпорын жұмысын бастады

Мұнда 50 адам жұмыспен қамтылған.

Түркістан: Кентауда тамшылатып суару машиналарын шығаратын кәсіпорын жұмысын бастады
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласына жұмыс сапары барысында жаңбырлатып суару машиналарын жасау ісін қолға алған «BNK Group LTD» ЖШС-де болып, жұмыс барысын бақылады. Жоба құны – 1,2 млрд. теңге. 2023 жылы құрылған кәсіпорын жылына 400 дана техника шығаруға қауқарлы, деп хабарлайды newsroom.kz.

Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар ендіру, өндіріс орындарын ашу бағытындағы осындай жобаларды көбейтуді тапсырды.

Бұрын шетелден әкелінетін жаңбырлатып суару машиналары енді Кентауда шығарылады. Кәсіпорын басшысының айтуынша, мұнда жаңбырлатып суару машиналарымен қатар су сорғыш насостары да шығарылмақ. Сондай-ақ тракторларға сервистік қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта жоба толық жүзеге асқаннан кейін жұмысшылар саны 100-ге жетеді деп күтілуде.

Айта кетейік, бұл машиналар ағын суды 40 пайызға дейін үнемдейді әрі өнімділікті арттырады.

Жаңбырлатқыш машина — ауыл шаруашылық дақылдарын жаңбырлатып (тамшылатып) суғаруға арналған қондырғы. Жаңбырлатқыш машина тракторға орнатылады (аспалы түрде) не суару телімінде тіректері арқылы өздігінен қозғалады. Жаңбырлатқыш машиналардың негізгі жұмыстық бөліктері — қысқа шапшымалы (тамшыларының ұшу қашықтығы 5 — 8 м) саптамалар, орташа шапшымалы (15 м — 30 м) және алысқа шапшымалы (40 м— 80 м) жаңбырлатқыш аппараттар. Саптамалардың айналатын бөліктері болмайды. Дефлекторлы саптамаларда (көп тараған) су дефлекторға соқтығысу арқылы, ал ортадан тепкіш саптамаларда ортадан тепкіш күштің әрекетімен майда тамшыларға айналады. Олар диаметрі 1 мм— 1,5 мм және қарқындылығы шамамен 1 мм/мин тамшылармен біркелкі жаңбырлата алады. Жаңбырлатқыш аппараттар суғару кезінде өзінің тік осінде айнала қозғалыс жасайтын ұшында соплосы бар бір немесе бірнеше ұңғыдан тұрады. Су соплодан 20 м/с — 30 м/с және одан жоғары жылдамдықпен шапшып шығып ауада тамшыларға бөлшектеледі. Тамшылардың ірілігі мен себелеу қарқындылығын диаметрлері әр түрлі соплоларды қолдану (алысқа шапшымалы аппараттарда 15 мм— 40 мм және одан ірі, орташа шапшымалыларда 3 мм— 15 мм-ге дейін) және су қысымын өзгерту арқылы реттеуге болады. Алысқа шапшымалы аппараттар жоғары өнімді, бірақ қысқа шапшымалы аппараттарға қарағанда тез арада шалшық (батпақ) пайда болуына әкеліп соқтырады. Орташа шапшымалы аппараттар төмен қарқындылығымен (0,1 мм/мин— 0,2 мм/мин-тен 0,05 — 0,06 мм/мин-ке дейін төмендетуге болады) және тамшы диаметрінің онша ірі болмайтындығымен ерекшеленеді. Сондықтан олар, көбінесе, жоғары нормалы суғару телімдерін (500 м3/га — 600 м3/га) жаңбырлатып суғаруға қолданылады. Жаңбырлатқыш машиналар әрекет ету принципі бойынша оңтайлы орынды және жылжымалы болып ажыратылады. Оңтайлы орынды қондырғылар суды бөліп тарататын жиналмалы құбырлардан және қысқа шапшымалы саптамалары немесе орташа шапшымалы аппараттары бар екі жаңбырлатқыш қанаттан тұрады. Бір қанаты жұмыс істеп тұрғанда екінші қанаты жаңа орынға көшіріледі. Олардың 300 м3/га суғару нормасындағы жұмыс өнімд. 0,28 га/сағ— 0,30 га/сағ. Оңтайлы орынды қысқа шапшымалы Жаңбырлатқыш машинасында екі консольді жаңбырлатқыш ферма өздігінен жүретін шынжыр табанды тіректердің мұнарасына орнатылады. Консольдің төменгі қабырғасы — су жүретін құбырларына (оның жоғарғы құбырларының шеті құбырлардың гидранттарымен жалғасқан) саптамалар бекітіледі. Бұл машиналардың жұмыс өнімд. 0,6 га/сағ— 1,4 га/сағ. Оңтайлы орынды алысқа шапшымалы жаңбырлатқыш машина (тіркемелі, аспалы және қозғалтқышпен жабдықталған) суғару арналарынан суды сорып, оны алысқа шапшытатын аппараттарға айдайтын ортадан тепкіш сорғылармен жабдықталған. Машинада жаңбырлатып суғарумен қатар өсімдікті үстеп қоректендіруге арналған тыңайтқыштар сақтайтын ыдысы болады. Жұмыс өнімд. 0,25 га/сағ— 0,8 га/сағ. Жылжымалы жаңбырлатқыш машина тракторға аспалы түрде орнатылған қысқа шапшымалы саптамалы екі консольді фермадан тұрады, жұмыс өнімд. 0,85 га/сағ. Алысқа шапшымалы аппараттарды суғару жүйесінің гидранттарына жалғау арқылы жаңбырлатып суғаруды автоматтандыруға болады. Жаңбырлатқыш машиналар Оңтүстік Қазақстанның суармалы егіншілікті аудандарында кеңінен қолданылады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі