Тәуелсіз онлайн платформалардың бірінде Қазақстандағы метадон бағдарламасының ұзартылуына қарсы петиция жүріп жатыр,- деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі, finfrom.kz сайтына сілтеме жасап.
Петиция авторы, заңгер Әлия Әбдинованың жазуынша, 2008 жылдан қазіргі уақытқа дейін нашақорларды алмастыру терапиясында қолданылатын синтетикалық метадонды сатып алуға ақшаны Қазақстанға ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресу жөніндегі жаһандық қор (ЖҚ) берген. Ал 2024 жылдан бастап бұл дәрі бюджет ақшасына сатып алынады. Әлия Әбдиновамен қатар, парламент депутаттары, Ішкі істер министрлігінің сарапшылары қаржылық мәселемен қатар, бұл пилоттық жобаның тиімділігіне күмән келтірді.
Жаһандық қордың сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 2008–2022 жылдар аралығында Қазақстан қордан 177 млн АҚШ доллары көлемінде гранттық қаржыландыру алуға құжаттарға қол қойған, оның 172 млн АҚШ доллары төленген. Бұл гранттың бір саласы - емдеуге көмек көрсету, тестілеу, АИТВ жұқтырған адамдардың стигманы жеңуі және АИТВ қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Соңғы салаға метадонмен опиоидты алмастыру терапиясы (ОАТ) бағдарламасы кіреді.
Сайтта бар құжаттардан Жаһандық қордың осы препаратты сатып алуға арнайы қанша ақша жұмсағанын анықтау мүмкін емес. Метадон бағдарламасының екі қаржыландыру көзі болғаны белгілі: дәрі-дәрмекті сатып алуды қор қамтамасыз етті, ал оның материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне, сақталуына, ОАТ кабинеттерін жайластыруға, сондай-ақ олардың жалақысына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлері жауапты болды.
Метадонды сатып алуға қажетті ішкі қаржыландыру көлемі қанша?
Үкімет пен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайттарында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап метадон бағдарламасын қаржыландыру толығымен бюджет есебінен жабылатынын түсіндіретін материалдар жоқ. Дегенмен, біз бұл деректер Жаһандық қор мен Еуразиялық зиянды азайту қауымдастығының (ЕЗАҚ) гранттық құжаттарынан, есептерінен, бағдарламаларынан табылған. Метадонды сатып алуға қажетті ішкі қаржыландыру көлемі жылына 146,6 мың АҚШ долларын (ҚР Ұлттық Банкінің 26 қыркүйектегі бағамы бойынша 69,5 млн теңге) құрайды. Сонымен қатар, метадонды азаматтарға тегін дәрілер тізіміне енгізу бойынша дайындық жұмыстары басталып кетті: синтетикалық есірткі қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізілген.
ҚР-да жыоына қанша адам метадон бағдарламасына қатысады?
Жаһандық қордың мәліметінше, ҚР-да жылына орта есеппен 300 шақты адам метадон бағдарламасына қатысады. Жобаның ең басында небәрі 49 қатысушы болса, биыл сәуір айының аяғында — 399 болған. Халықаралық ұйымдар сарапшыларының сараптамалық қорытындыларына қарағанда, Қазақстанда метадон қабылдағандардың саны өте аз. Бағдарлама авторларының пікірінше, АИТВ-инфекциясын жұқтырған нашақорлардың зиянын азайту, үшін есірткі тұтынушылардың 20%–40% алмастырушы терапияға қатысқаны жөн. Біздің елімізде нашақорлардың ықтимал болжамды саны 79,9 мың адамды құрайтынын ескере отырып (ҚР Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының мәліметі) метадонмен емделгендердің үлесі өте аз: 1%-дан төмен.
Қазір бағдарлама еліміздің 12 өңірінде жұмыс істейді, 16 ОАТ кеңсесі мегаполистер мен ірі облыс орталықтарында жұмыс істейді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен «ҚазАқпарат» ХАА-ның сұрауы бойынша алынған ақпаратына сәйкес, метадон бағдарламасы қолданылған 15 жыл ішінде одан 1594 қазақстандық өткен. Жобаға қатысушылардың орташа болу ұзақтығы екі жыл. Метадон алатын нашақорлардың орташа жасы — 43 жас.
Сарапшылар, дәрігерлер, полиция өкілдері бұл жобаға неге қарсы?
Сарапшылар, дәрігерлер мен полиция өкілдері Қазақстанда опиоидты нашақорлықты метадонмен емдеу тактикасымен бірнеше рет келіспейтіндіктерін білдірді. 2017 жылы Ішкі істер министрлігі жобаны толығымен жабуды талап етті. Қазақстан үкіметінің ұсынысы бойынша ЕЗАҚ салааралық жұмыс тобын құрып, сараптамалық бағалау жүргізді. 15 топ мүшесінің 11-і Қазақстандағы метадон бағдарламасы тиімді және оны жалғастыру керек деген пікірге келді. Келесі қорытындылар атап өтілді: пациенттердің 25%-ы дозаны біртіндеп төмендете отырып, бағдарламаны аяқтады, содан кейін метадоннан толығымен бас тартты; қатысушылардың арасында жұмыссыздар саны айтарлықтай қысқарды; Сауалнамаға қатысқан пациенттердің 96%-ы отбасылық қарым-қатынастары жақсарып келе жатқанын айтты, «барлығы дерлік заңмен „шын“ проблемалардың жоқтығын атап өтті».
Төрт келіспеушіліктің тұжырымдары «Ерекше пікірі» деген жеке құжатқа бөлінді. Онда сарапшылар Қазақстандағы пилоттық OАТ жобасын жарамсыз және пациенттердің денсаулығына зиянды деп санауды ұсынды, өйткені «дәрі-дәрмекті тағайындау емдеу емес, есірткіге тәуелділіктің тағы бір ауыр түрі — метадонды тудырады». Құжатқа «Еркін адамдар» қоғамдастықты дамыту қорының директоры Ольга Агапова, ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті ведомствоаралық үйлестіру және профилактика департаменті бастығының орынбасары Елена Ваганова, Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова мен «Ұлттық медицина қауымдастығының» президенті Айжан Садықова қол қойды.