Астанада қалың қар жаууына байланысты коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қалалық билік жолдар мен тротуарларда абай болуға шақырды.
28 қараша таңынан бері елордада қар күреуге 1400-ден астам арнайы техника және 3300-ден аса жол жұмысшысы жұмылдырылды. Қала аумағынан қар үздіксіз шығарылып жатыр.
Түн ішінде қар полигондарына 183 рейспен 1000 текше метрден астам қар тасылды. Алдымен қоғамдық көлік жүретін негізгі магистральдар мен көшелер тазартылып жатыр.
Одан кейін коммуналдық қызметтер қозғалысы орташа аумақтарды, аулаларды, алаңдарды, тротуарлар мен аялдамаларды қардан аршиды.
РГП «Қазгидромет» мәліметінше, алдағы күндері елордада жаңбыр мен қар, тұман, көктайғақ, желдің күшеюі және бұрқасын күтіледі.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын жолда және жаяу жүргіншілер аймақтарында сақ болуға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және жолға шығарда ауа райын ескеруге үндеді.