Форум ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен 2024 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Биылғы кездесудің басты мақсаты – халықаралық академиялық байланысты нығайтып, білім мен ғылым саласындағы келісімдерді нақты бірлескен жобаларға айналдыру.
Іс-шарада трансұлттық білім беру, шетелдік университеттер филиалдарының жұмысы, академиялық ұтқырлық, ғылыми зерттеулер және цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу мәселелері қарастырылды.
Форумның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, Қазақстанның халықаралық білім беру кеңістігіндегі жетістіктері мен алдағы басымдықтарын таныстырды.
Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейді. Қазақстан университеттерінде білім алып жатқан шетелдік студенттердің саны 41 мыңға жеткен. Негізгі міндеттердің бірі – елді сапалы білім мен ғылыми зерттеулерге қолайлы халықаралық орталық ретінде дамыту.
Сондай-ақ University of Arizona, Coventry University, Cardiff University, Heriot-Watt University және ММХҚИ сияқты шетелдік оқу орындарымен жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Олар инженерия, IT, жасанды интеллект, жаратылыстану ғылымдары және экономика бағыттарын қамтиды.
Жасанды интеллект пен ғылымға басымдық
Форумда цифрлық білім беру мен жасанды интеллект саласындағы бастамаларға да назар аударылды. «AI-Sana» бағдарламасы аясында 706 мың сертификат берілгені айтылды. Сонымен қатар жасанды интеллект орталықтары мен зертханаларын дамыту, халықаралық технологиялық компаниялармен байланыс орнату жұмыстары таныстырылды.
Ғылым саласында агрогеномика, су ресурстары, жаңа материалдар және жасанды интеллектінің математикалық негіздері бойынша халықаралық жобалар сөз болды. Министрлік дерегінше, 241 ғылыми әзірлеме нарыққа шығарылып, 29 жоба аясында өнім экспортталуда. Нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.
Форум аясында трансұлттық білім беру мен шетелдік университеттер филиалдарының мүмкіндіктеріне арналған панельдік сессия өтті. Қатысушылар бірлескен бағдарламалар, дипломдарды халықаралық деңгейде тану және академиялық ұтқырлық мәселелерін талқылады.
Coursera Future Talks сессиясында цифрлық оқытуды жоғары білім жүйесіне енгізу тәжірибесі қарастырылды. Бүгінде Coursera Qazaqstan жобасына еліміздің 100 жоғары оқу орны қатысады. Жоба аясында 171 курс қазақ және орыс тілдеріне аударылған.
Кездесу барысында цифрлық білім беруді дамытуға үлес қосқан университеттер мен қатысушылар Coursera Qazaqstan Excellence Awards марапатына ие болды.
Форумның тағы бір маңызды бөлігі қазақстандық және шетелдік университеттер мен ұйымдар арасындағы ынтымақтастық құжаттарына қол қою рәсімі болды. Келісімдер қос дипломды бағдарламаларды, академиялық алмасуды және бірлескен білім беру жобаларын дамытуға бағытталған.