Алматыда полиция қызметкерлері бес адамның қаза табуына себеп болған жеке үйді өртеді деген күдікпен әйелді ұстады. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, үй жеке араздық салдарынан әдейі өртелген. Күдіктіні анықтау үшін жедел уәкілдер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, оның жүріп өткен бағытын қалпына келтірген.
«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 37 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп нақтылады ведомствода.
Еске салайық, өрт 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданында болған. Жалынды сөндіру кезінде үйден бес адамның, оның ішінде бір баланың мәйіті табылған.
Аталған оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу үшін арнайы жедел-тергеу тобын құрған.