weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Бүгін, 15:05 / Жасмина Нурлан / Әскер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қазақстанда Мемлекеттік күзет қызметінің жас сарбаздары Әскери ант қабылдады

21 қарашада Астана мен Алматы қалаларында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштері құрамындағы әскери бөлімдердің күзгі шақырылым сарбаздары салтанатты түрде Әскери ант берді.

Қазақстанда Мемлекеттік күзет қызметінің жас сарбаздары Әскери ант қабылдады

Рәсімге жас жауынгерлердің ата-аналары мен жақындары қатысып, олардың Отан алдындағы жауапты міндетті қабылдау сәтіне куә болды.

Астанада «Айбын» президенттік полкінің әскери қызметшілері Әскери антты «Қазақ елі» алаңында, Тәуелсіздік сарайының алдында қабылдаса, Алматыда «Батыр» президенттік полкінің сарбаздары үшін салтанатты рәсім 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында ұйымдастырылды.

2026 жылғы күзгі шақырылым аясында Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалаларынан жас азаматтар іріктелді. Олар әскери бөлімдердің далалық оқу орталықтарында бастапқы әскери дайындықтан өтіп, әскери қызметтің қыр-сырын меңгерді.

Әскери ант – әрбір жауынгердің өміріндегі айрықша мәні бар оқиға. Бұл рәсім арқылы сарбаздар Отанды қорғауға, әскери борышын абыроймен өтеуге және жүктелген міндеттерді адал орындауға салтанатты түрде серт береді.

Мемлекеттік күзет қызметінде мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде сарбаздар тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен кәсіби даярлықтан өтеді. Жауынгерлік және арнайы дайындық сабақтарында қажетті әскери білім мен дағдыларды игеріп, өздеріне бекітілген мамандықтарды меңгереді.

Әскери ант қабылдағаннан кейін жас жауынгерлер Мемлекеттік күзет қызметінің негізгі міндеттерін орындауға тартылады. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасы эталондарын күзету, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін хаттамалық іс-шараларды қамтамасыз ету, сондай-ақ күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қорғау бар.

Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке 18-ден 27 жасқа дейінгі, бойы 180-195 сантиметр аралығындағы, орта және одан жоғары білімі бар, денсаулығы жарамды Қазақстан азаматтары қабылданады. Іріктеу кезінде жоғары білімі, спорттық жетістіктері мен спорттық разрядтары бар үміткерлерге басымдық беріледі.

Мемлекеттік күзет қызметіндегі мерзімді әскери қызмет жас азаматтар үшін тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыратын, кәсіби және тұлғалық тұрғыдан дамуға мүмкіндік беретін маңызды өмір мектебі саналады. Сонымен қатар бұл кезең болашақ мансапқа жол ашатын әлеуметтік мүмкіндікке айналуы мүмкін.

Әскери борышын өтеген азаматтар өз қалауы бойынша келісімшарт негізінде қызметін жалғастыра алады. Алдағы уақытта арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе офицері атанып, күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне үлес қосуға мүмкіндік бар.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік күзет қызметінің мерзімді әскери қызметшілеріне Қазақстан заңнамасында көзделген мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары толық көлемде қолданылады. Олардың қатарында «Срочники 2.0» бағдарламасына қатысу мүмкіндігі де қарастырылған.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→

Біздің cеріктестер