Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қорғаныс министрлігінің қызметіне қатысты ауқымды тексеру жүргізілуде. Комиссия ведомство жұмысының ашықтығын, әскери қызметшілерге жасалған жағдайды және бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін зерделеп жатыр.
Бүгінге дейін мамандар 104-тен астам нысанды тексерген. Негізгі назар әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне, қызмет ету жағдайына, тамақтану сапасына, киім-кешекпен қамтамасыз етілуіне және медициналық көмектің қолжетімділігіне аударылған. Сонымен қатар мемлекеттік мүліктің сақталуы мен бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы да тексерілуде.
Анықталған жекелеген заңбұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары 37 қылмыстық істі қарастырып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге істердің егжей-тегжейі жарияланбайды.
Комиссия жұмысының мақсаты тек заңбұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді. Сондай-ақ әскери тәртіпті нығайту, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыру және қорғаныс саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстар әзірлеу көзделген.
Еске салайық, тексеруге 2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға себеп болды. Сол кезде 17 әскери қызметшіні ашық теңізге ағыс алып кеткен. Олардың үшеуі аман қалып, 14-і қаза тапты.
Әскери қызметшілердің қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша да тергеу амалдары жалғасуда. Бас прокуратураның мәліметінше, осы іс аясында 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілген. Сегіз лауазымды тұлға қамауға алынған.
Қорғаныс министрлігіне жүргізіліп жатқан кешенді тексеруді қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.