Президент Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында ел тәуелсіздігі жылдарындағы өзгерістерге тоқталып, мемлекеттің алдағы даму бағытын айтты.
Мемлекет басшысы форум Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын еске салды. Оның сөзінше, осы кезеңде ел мемлекеттілігін нығайтып, халықаралық деңгейде мойындалды және экономикалық әлеуетін едәуір арттырды.
Тоқаев соңғы жеті жылдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың қоғам өміріне айтарлықтай ықпал еткенін атап өтті. Ол Қазақстанның қазір әділетті мемлекет құруға кіріскенін, онда тең мүмкіндік беріліп, адал еңбек пен жауапкершілік бағаланатынын айтты.
Президент «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысының маңызын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл бастама қоғамдық ойлау мен мінез-құлықты өзгертуге ықпал етіп отыр.
«Біздің реформаларымыздың ішіндегі басты оқиға Конституцияның қабылдануы болды. Отандастарымыз жалпыұлттық референдумда өз таңдауын жасады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Негізгі заңда Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары бекітілгенін айтты. Сондай-ақ заң мен тәртіп, ұлттық бірлік және халықтың әл-ауқатын арттыру негізгі қағидаттар ретінде айқындалғанын жеткізді.
Тоқаевтың айтуынша, адам капиталы, білім беру, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты болып қала береді. Сонымен бірге ол мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерге тоқталып, екі палаталы Парламенттің орнына заң шығару қызметіне кіріскен бір палаталы Құрылтай келгенін айтты. Бұған қоса, Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылып, Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастаған.