Жаңа сервисті Павлодар облысының Полиция департаменті таныстырды. Платформа өңірдегі антинаркотикалық профилактика бағытындағы цифрлық шешімдердің бірі ретінде ұсынылды.
Жасанды интеллект нақты не істейді?
Сервис арқылы пайдаланушылар есірткіге тәуелділікке қатысты сұрақтарына жауап іздей алады. Бұл әсіресе маманға бірден жүгінуге қиналатын немесе мәселе туралы ақпаратты алдымен анонимді түрде білгісі келетін адамдар үшін қосымша ақпарат көзі болуы мүмкін.
Алайда жасанды интеллект дәрігердің немесе психологтың орнын алмастырмайды. Оның негізгі міндеті – қажетті ақпаратты жедел ұсыну және адамды тиісті көмекке бағыттауға ықпал ету.
Неге мұндай сервис қажет?
Қазақстанның 2026–2028 жылдарға арналған есірткіге тәуелділік пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жоспарында цифрлық технологияларға ерекше көңіл бөлінген.
Құжатта есірткіге қатысты интернет-контентті анықтау және бұғаттау үшін жасанды интеллект пен машиналық оқыту элементтері бар бағдарламалық кешендерді енгізу қарастырылған. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының цифрлық іздерді талдауында да ИИ қолдану жоспарланған.
Яғни жасанды интеллект бұл бағытта тек азаматтарға ақпарат беру үшін емес, есірткінің интернет арқылы таралуына қарсы күрес, заңсыз контентті анықтау және қылмыстық схемаларды талдау сияқты міндеттерде де пайдаланылуы мүмкін.
Интернеттегі есірткі жарнамасы қалай бақыланады?
Кешенді жоспарға сәйкес, Қазақстанда интернет кеңістігін мониторингтеу және заңсыз контентті анықтау жүйесін ИИ құралдарының көмегімен жетілдіру көзделген.
Мұндай технологиялар әлеуметтік желілердегі, сайттардағы және басқа цифрлық платформалардағы күмәнді контентті автоматты түрде іздеп, сараптауға көмектесуі мүмкін.
Бұл бағыттың маңызы артып отыр. Үкіметтің жоспарына сәйкес, есірткі бизнесі жастарды цифрлық арналар арқылы тарту және онлайн-сату тәсілдерін пайдаланумен сипатталады.
Қазақстанда бұл бағыт қалай дамып жатыр?
Есірткіге қарсы 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бірқатар цифрлық шараны қамтиды. Олардың қатарында интернеттегі заңсыз контентті анықтау, цифрлық іздерді талдау, электронды транзакцияларды бақылау және заманауи технологияларды құқық қорғау саласына енгізу бар.
Мысалы, бұған дейінгі жоспарды іске асыру барысында «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы бұғатталған есірткі сайттары мен заңсыз контент саны 2,6 мыңнан 9,2 мыңға дейін өскен. Ал синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 382 келіден 1,2 тоннаға дейін артқаны хабарланды.
Бірақ жасанды интеллект адамның мәселесін шеше ала ма?
Бұл жерде маңызды айырмашылық бар. Жасанды интеллект ақпарат беріп, қажетті қызметті табуға немесе алғашқы бағыт-бағдар беруге көмектескенімен, тәуелділікті диагностикалау және емдеу медициналық мамандардың құзыретінде қалады. Сондықтан Antinarko.kz сияқты сервистерді дәрігерді алмастыратын құрал емес, адамды қажетті көмекке жеткізетін қосымша цифрлық құрал ретінде қарастырған жөн.
Жалпы, Қазақстанның есірткіге қарсы саясаты біртіндеп цифрлық технологияларға сүйеніп келеді. Ендігі мәселе – жасанды интеллект мұндай жүйелердің тиімділігін қаншалықты арттыра алатыны және технологияны қолдану кезінде азаматтардың дербес деректері мен құпиялылығы қалай қорғалатыны.