Биылғы қаңтар-маусым айларында Қазақстанға тартылған жалпы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 9,4 млрд долларды құрады. Бұл 2025 жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіштен 7,8%-ға аз.
Ал таза инвестициялық ағын бұдан да айтарлықтай қысқарған. Есепті кезеңде оның көлемі 470,6 млн долларға жетті. Өткен жылдың осы уақытында бұл көрсеткіш 928,5 млн доллар болған. Нәтижесінде таза ағын бір жылда 49,3%-ға төмендеген.
Қайта инвестицияланған пайданы есепке алмағанда, көрсеткіштің төмендеуі одан да жоғары. Капиталға салынған қаражат пен борыштық құралдар бойынша операцияларды қамтитын таза инвестиция көлемі 501,6 млн долларды құрады. Ал 2025 жылдың алғашқы жартысында ол 2,6 млрд долларға жеткен еді. Осылайша, көрсеткіш 80,7%-ға қысқарған.
Бұған дейін Қазақстандағы тікелей шетелдік инвестициялардың оң динамикасын сақтауда қайта инвестицияланған пайданың үлесі елеулі болған. Бұл – шетелдік компаниялардың дивиденд ретінде үлестірмей, өз кәсіпорындарының жұмысына қайта бағыттайтын табысы.
Соңғы жылдары дәл осы қаражат шетелдік инвестициялар ағынының оң көрсеткішін сақтауға ықпал етіп келді. Мәселен, 2018-2023 жылдар аралығында 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығын қоспағанда, қайта инвестицияланған пайда есепке алынбаған таза инвестиция көлемі теріс мәнде болған.
Ал 2024 жылдың алғашқы алты айында жағдай өзгеріп, бұл көрсеткіш 647,1 млн долларды құрады.
Дегенмен 2026 жылы қайта инвестицияланған табыстың инвестициялық ағынға қосқан үлесі теріс мәнге ауысқан. Биылғы қаңтар-маусымда оның көлемі минус 31 млн доллар болды. Салыстыру үшін, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш шамамен 1,7 млрд долларды құраған.
Осы деректер Қазақстандағы таза шетелдік инвестициялар ағынының айтарлықтай азайғанын және инвестициялық көрсеткіштерді қолдауда қайта инвестицияланған пайданың рөлі әлсірегенін көрсетеді.