Басылым Алматының туристік тартымдылығы жыл сайын тұрақты өсіп келе жатқанын және қаланың жыл он екі ай бойы қонақ қабылдауға қабілетті екенін атап өтеді. Сарапшылар мегаполистің қарқынды қалалық мәдениетін, бай тарихи мұрасын, гастрономиясын және табиғи ландшафттарға жақын орналасуын жоғары бағалаған. Бұл туралы Kazakh Tourism компаниясы хабарлады.
Bloomberg жариялаған материалда Орталық Азия даласындағы шығармашылық серпінге ерекше назар аударылады. Соңғы жылдары еліміздің ең ірі қаласына деген қызығушылық айтарлықтай артқан. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айының өзінде Алматыға рекордтық 2,5 миллион адам келген. Туристердің бір бөлігі алтын күмбезді Зенков соборы мен дәмдеуіштер, бал және жылқы етінен жасалған шұжықтар сатылатын Жасыл базарды тамашалауға келген. Ал енді біреулері қала іргесіндегі Іле Алатауында орналасқан альпілік көлдер мен тау шаңғы трассаларын таңдаған.
Рейтингте Алматыдағы демалыстың маусымдық алуан түрлілігі де атап өтілген. Қысқы туризмді ұнататын саяхатшыларға Bloomberg Шымбұлақ тау шаңғы курортына баруға кеңес береді.
Kazakh Tourism мәліметінше, Қазақстанның әлемдегі ең үздік 25 туристік бағыттың қатарына енуі – ел үшін маңызды халықаралық мойындау. Бұл Visit Almaty брендин ілгерілету бағытында атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Компания басшылығының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлының айтуынша, бұл жетістік Қазақстанның жаһандық туристік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің артқанын және халықаралық аудиторияның елге деген қызығушылығы күшейгенін көрсетеді. Соңғы жылдары Қазақстан беделді әлемдік басылымдардың рейтингтерінде жиі атала бастады.
Бұған дейін, Қазақстандағы туризмнің 9 айдағы нақты көрінісін толғырақ жазғанбыз.
Сондай-ақ, Италия басылымында Алматы туралы көлемді репортаж жарияланғанын да айтқанбыз.