Мемлекетке 4,5 млрд теңге залал келтірді деген медициналық бұйымдарды жалған өндіру ісі Алматы сотына түсті.
Іс сотқа 29 қазанда келіп түсті. Оны судья Бахтияр Ногаев қарайды. Процеске 12 адвокат, 10 жауапкер және бір жәбірленуші қатысады.
26 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті OrdaMed басшылығы Қазақстанда өз өндірісі бар деген жалған құжаттарды пайдаланып, мемлекеттік емдеу мекемелеріне медициналық жабдықтың 28 атауын жеңілдікпен жеткізу кезінде заңсыз артықшылық алғанын хабарлаған еді.
Ведомство мәліметінше, іс жүзінде дайын жабдық шетелден жеткізіліп отырған. Келтірілген залал 4,5 млрд теңге деп бағаланған. Компанияның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы ұсталған.
Денсаулық сақтау министрлігі OrdaMed-тің медициналық бұйымдарға берілген барлық 53 тіркеу куәлігінің күші толық тоқтатылғанын хабарлады. Тергеу және процессуалдық әрекеттер аяқталғанға дейін компания өнімдерін өткізуге де, пайдалануға да тыйым салынған.
Ал OrdaMed комитеттің барлық айыбын жоққа шығарып, тергеу компанияның бәсекелестерінің шағымдарына негізделгенін мәлімдеді.