Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен есірткі дайындауға арналған шағын зертхана табылды. Құқық қорғау органдарының назарына іліккен 34 жастағы ер адам пәтерінде синтетикалық мефедрон өндірумен айналысқан болуы мүмкін.
ІІМ мәліметінше, күдікті зертхананы ғимараттың ең жоғарғы қабатында орналастырған. Химиялық заттардың өткір иісі көршілердің назарын аудармас үшін арнайы желдеткіш жүйесін тұрғын үйдің ортақ желдеткіш шахтасына жалғаған.
Пәтерді тінту кезінде тәртіп сақшылары бір келі дайын есірткі затын, кристалдары бар алты шыны науаны, химиялық сұйықтық құйылған бөтелкелер мен реагенттері бар тоғыз канистрді тапты. Сонымен қатар зертханалық ыдыстар, электронды таразылар және жеке қорғаныс құралдары тәркіленді.
ІІМ өкілдерінің хабарлауынша, алынған есірткі заттарының жалпы салмағы 4,5 келіні құраған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-1-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза тағайындалуы мүмкін.
Ішкі істер министрлігі ел аумағында есірткі өндірісін ұйымдастыру әрекеттерінің жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.