Өсімнің басым бөлігі — теңгелік депозиттердің есебінен. Жалпы өсімнің 3,7 пайыздық тармағы ұлттық валютаға тиесілі болса, валюталық салымдардың үлесі небәрі 0,3 пайыздық тармақты құрады. Теңге бағамы әлсіреп тұрғанына қарамастан, қазақстандықтардың доллардан бас тарту үрдісі жалғасып келеді.
Соңғы бес жылда теңгемен ашылған депозиттердің көлемі 2,5 еседен көп ұлғайса, валюталық жинақтар тек үштен біріне ғана артқан. Нәтижесінде валюталық салымдардың үлесі тарихи минимумға — 22,5% деңгейіне дейін түсті.
Шолуда бұл көрсеткіштің маңызы ерекше атап өтілген:
«Валюталық депозиттердің төмендеуі Қазақстан экономикасының дедолларизацияланған елдер қатарына жақындап қалғанын білдіреді. Халықаралық валюта қорының әдіснамасы бойынша, валюталық салымдардың үлесі 20%-дан төмендегенде ел толық дедолларизацияланған деп есептеледі».
Ірі салымшылардың үлесі жоғары
Шетел валютасындағы депозиттердің 62,8%-ы ірі сегментке, яғни 50 млн теңгеден асатын жинақтарға тиесілі. Мұндай салымшылардың басым мақсаты — табыс емес, қаражаттың қауіпсіздігі мен тәуекелдерді азайту.
Ал негізгі нарықты қалыптастырып отырған — бұқаралық сегмент. 15 млн теңгеге дейінгі салымдар:
- жиынтық депозиттердің 48,2%-ын,
- теңгелік салымдардың 55,7%-ын құрайды.
Неліктен халық теңгеге бет бұрды?
Көпшілік пен орта табыс өкілдерінің жинақтары күнделікті шығындардан артылған «еркін ақшадан» жиналады. Бұл топ үшін:
- шығындар ұлттық валютада жасалатындықтан,
- теңгелік депозиттердің табыстылығы жоғары болғандықтан
- ұлттық валютадағы салым тиімді болып отыр.
Бұл жинақтың сатып алу қабілетін сақтап, қаржы мен шығын арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
«Мұндай деректер салымшылардың депозитті инфляциядан қорғану және қаражатты тиімді орналастыру құралы ретінде көретінін дәлелдейді. Қолайлы сыйақы мөлшерлемелері бұл сенімді күшейтіп отыр», — делінген шолуда.
Ұлттық банктің халық арасындағы сауалнамасы да бұл тенденцияны растайды: респонденттердің 84%-ыжинағын банктік депозитте сақтауды жөн көреді.