Кешенді жоспар халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға, сондай-ақ жануарларды аурулардан сақтау мен ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
«Жүйелі шаралардың нәтижесінде Қазақстанда бүгінде аусыл, африкалық жылқы обасы, африкалық және классикалық шошқа обасы секілді жануарлардың бірқатар аса қауіпті аурулары бойынша тұрақты эпизоотиялық ахуал қалыптасып, халықаралық мәртебеге ие болып отыр. Бұл өз кезегінде отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік берді», — деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Жоспардың негізгі басымдықтары ретінде жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы күрес, ветеринария мамандарының жалақысын көтеру, ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, экспорттық жеткізілімдерді кеңейту және ішкі нарықты қорғау, зертханалық бақылауды күшейту, өнімнің өмірлік цикінің барлық кезеңінде (туған сәтінен бастап өнімді өткізуге дейін) қадағалау, ветеринария саласын цифрландыруды кеңейту және ветеринариялық фармацевтика технологияларын дамыту мәселелері айқындалды. Қазіргі таңда елімізде ветеринариялық препараттар өндіретін 21 зауыт жұмыс істейді.
Қазақстан аумағын жануарлардың аса қауіпті ауруларынан қорғау, еліміздің эпизоотиялық тұрақтылығын сақтау және техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін өнімдердің ішкі нарыққа енуіне жол бермеу үшін шекара маңындағы аумақтарда ветеринариялық 67 бақылау бекеті жұмыс істейді.
2025 жылы Қазақстан шекарасы арқылы импорттық, экспорттық және транзиттік операциялар барысында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар 700 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімін тасымалдаған 60 мыңға жуық автокөлікті тексеруден өткізді.