Журналист Оралхан Дәуіттің мәліметінше, Шерхан Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниеге келген. Оның ата-анасы ертеректе ажырасып кеткен.
Қақпашының әкесі – Елдар Қалмырза. Жас кезінде ол боксқа әуестеніп, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған. Кейін журналистика саласында еңбек еткен, қазіргі уақытта Астанада тұрады.
Футболшыға «Шерхан» есімінің берілуі де тегін емес. Жуалы – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Шерхан Мұртазаның туған өлкесі. Осыған байланысты көпшілік жас спортшы мен әйгілі жазушының есімдес болуы ел арасындағы туыстық әрі жерлестік байланыспен түсіндіріледі.
«Жуалыда туған ұланға Шерхан есімі бекер қойылмағаны анық. Бұл – Шерағаңның туған жері. Алла жас Шерханға бақ-береке беріп, бап пен бақ қатар қонған спортшы қылғай. Қазақтың туын көкте желбірете берсін», – деп жазды журналист Оралхан Дәуіт.