Қағаздағы көрсеткіш пен шынайы өмір
Еconomykz.org мамандардың айтуынша, ресми құжаттарда өмір сапасын өлшейтін 39 индикатор бар. Құжат жүзінде жүйе тартымды көрінгенімен, көрсеткіштер тым көп әрі ұсақталып кеткен, көбіне есеп үшін ғана жүргізіледі.
Мәселен, Астанада жоспар бойынша жұмыссыздық азайып, жұмыспен қамтылғандар саны артқан. Бірақ кедейлік деңгейі төмендеген жоқ. Бұл жүйенің әлсіз тұсын көрсетеді: жұмысы бар адам да табысымен кедейліктен шыға алмай отыр.
Нәтиже емес, процесс маңызды болып кеткен
Қазіргі жоспарлар «қанша шара өткізілді, қанша адам жұмысқа орналасты» деген сандарға сүйенеді. Бірақ басты сұрақ жауапсыз қалып отыр: халықтың тұрмысы шынымен жақсарды ма?
Бұрынғы ұлттық жоспарларда нақты табыс пен төменгі табысты 40%-дың жағдайына қатысты тереңірек көрсеткіштер бар еді. Қазір ол бағыттар қысқарып, жүйе тек «минималды стандарттарға» – кедейлік шегі мен базалық инфрақұрылымға сүйеніп қалған.
Халықтың көңіл-күйі мен әлеуметтік саясат
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, халықтың небәрі 56%-ы ғана өз өміріне риза. Ал өзін «жақсы қамтылған» санайтындар өте аз. Бұл ресми есеп пен шынайы жағдайдың арасындағы айырмашылықты аңғартады.
Мысалы, 2,76 млрд теңге бөлінген «Өнімді жұмыспен қамту» бағдарламасы толық орындалды. Бірақ соның өзінде елордада кедейлік азайған жоқ. Бұл саясаттың шын нәтиже емес, тек есеп беру үшін жасалып жатқанын айқындайды.