Telegram желісіндегі “Президентке хат” арнасында тараған мәліметтерден кейін құқық қорғаушылар мен журналистер оқиғаға назар аударып, ресми органдардан жедел әрекет етуді талап етті.
Полиция қандай мәлімет берді?
Жамбыл облыстық Полиция департаменті бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен (кәмелетке толмағанды еркінен тыс ұстау) сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.
«Қазіргі уақытта екі бала Тараз қаласындағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Онда оларға психологиялық және құқықтық көмек көрсетілуде. Балалар медициналық тексеруден өтті, жағдайлары бақылауға алынған», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Оқиға орнына құқық қорғау органдары мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл өкілдерінен құралған арнайы комиссия жіберілген.
«Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер анықталып, заң аясында жауапқа тартылатын болады», — делінген ресми түсініктемеде.
Сонымен қатар, тергеудің мүддесіне байланысты өзге деректер ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейтіні ескертілді.
Оқиғаға байланысты Жамбыл облысы әкімдігі әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Әкімдіктің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты Полиция департаментінің хабарламасына сілтеме жасаумен шектелуде.
Балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне төнген қауіп – кез келген ел үшін өте күрделі әрі ауыр мәселе. Бұл жай ғана құқық бұзушылық емес, қоғамның ең әлсіз мүшелеріне — балаларға қарсы жасалған зорлық.
Мұндай жағдайлар жүйелі өзгерістер мен шынайы жауапкершілікті талап етеді.