Жарысқа еліміздің мемлекеттік органдарының өкілдері қатысып, дрондар мен оларға қарсы күрес жүйелерін қолдану бойынша арнайы тапсырмаларды орындады. Сайыс барысында қатысушылардың практикалық дайындығы нақты жағдайларға барынша жақын ортада сыналды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі WSE ШЖС және «Ashyq Aspan Foundation» қоғамдық қорының техникалық қолдауымен өткізді. Қор елімізде осы бағыттағы жарыстарды ұйымдастыруға уәкілетті мекеме болып саналады.
Турнирдің басты міндеті – ұшқышсыз авиациялық жүйелерді пайдалану тәжірибесін жетілдіру, оларға қарсы іс-қимыл мүмкіндіктерін дамыту және мемлекеттік органдар арасындағы кәсіби тәжірибе алмасуды нығайту.
Жарыс нәтижесінде жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
- Бірінші орын – ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің командасы;
- Екінші орын – ҚР Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының командасы;
- Үшінші орын – ҚР ІІМ Ұлттық ұланының командасы.
Military Drone Challenge өткізу мемлекеттік органдардың кәсіби және жауынгерлік даярлығына заманауи технологияларды енгізуге, сондай-ақ ұшқышсыз аппараттар мен оларға қарсы жүйелерді қолдану тәжірибесін жетілдіруге бағытталған.