Астана полициясы Шымкент қаласында алаяқтық күдігімен халықаралық іздеуде жүрген 45 жастағы ер адамды ұстады. Ол көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізу кезінде заңсыз қаржы тартты деген күдікке ілінген.
Тергеу мәліметінше, күдікті сыбайластары бар топпен бірге азаматтардың сеніміне кіріп, алдау арқылы Астанадағы тұрғын үй кешенін салуға ақша жинаған. Алайда құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары да, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы да болмаған.
Қылмыстық іс аясында 292 зардап шеккен үлескер анықталды. Оларға келтірілген жалпы шығын 4 млрд теңгеден асады.
Іздестіру барысында ер адамның Шымкентте ұзақ уақыт бойы жасырынып жүргені және жалдамалы пәтерлерді жиі ауыстырып отырғаны белгілі болды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.