Отырыста ішкі істер, денсаулық сақтау, ағарту, мәдениет және ақпарат министрлері, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері, Бас прокуратура, ҰҚК және Қаржы мониторингі агенттігінің өкілдері қатысты.
Наркобизнеске қарсы күрес
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің айтуынша, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 6,4 тонна есірткі тәркіленіп, 17 мыңнан астам наркосайт бұғатталған. 474 есірткі қылмысына қатысы бар адам ұсталды, оның ішінде Telegram арналарын жүргізген 28 адам бар. Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 21 іс қозғалған, оның үшеуі – трансұлттық. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда ішімдік ішудің 107 мың дерегі анықталып, 11 мың адамға спирттік ішімдіктерге тыйым салынды.
Есірткіге тәуелділік – күрделі мәселе
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, бүгінде 17 мыңнан астам адам наркологиялық есепте тұр. Соңғы бес жылда опиоидтарға тәуелділер саны 1,5 есе азайғанымен, синтетикалық және аралас есірткіні қолданатындар көбейіп барады. 2024 жылдың соңынан бастап тәуелділік синдромы жоқ, бірақ зиянды тұтынуы бар адамдар бақылауға алына бастаған. Қазір елімізде наркологиялық көмек 20 өңірлік орталық пен 284 наркокабинетте көрсетіледі.
Премьер-министр жастар арасындағы нашақорлықтың кең таралуы алаңдатып отырғанын айтты. «Есірткі таратудың жаңа тәсілдері – интернет, пошта, "закладка", анонимді төлемдер – дилер мен тұтынушы арасында тікелей байланысты жойып, олардың әшкереленуін қиындатып отыр», – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ, ол наркосайттарды анықтап, бұғаттау тетіктерін жетілдіруді, есірткі айналымына қатысты ақша аударымдарын тоқтату жолдарын қарастыруды тапсырды.
Алкогольмен күрес және "трезвый аул" қозғалысы
Отырыста алкоголизммен күрес мәселесі де қозғалды. Бүгінде елде 400-ден астам "трезвый" елді мекен бар. Қоғамдастықтар мен әкімдіктер бастамаларын ынталандыру ұсынылды. Ішімдік ішкен күйде жасалатын қылмыстардың ішінде – әр екінші кісі өлтіру, әр үшінші бұзақылық, әр төртінші тонау тіркелген.
Отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес
Комиссия отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары да қаралды. ІІМ дерегі бойынша, соңғы үш жылда отбасындағы зорлыққа қатысты шағымдар саны 35%-ға азайған. Биылдың өзінде бұл көрсеткіш тағы 20%-ға төмендеген. Премьер-министр бұл бағыттағы заңнамалық күшейтулер жайында еске салды және кез келген зорлық-зомбылыққа қоғамда жол берілмеуі тиіс екенін атап өтті.
Министрлік жанынан отбасылық зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған арнайы бөлімше құрылған. Ал Білім министрлігі балалардың отбасындағы зорлыққа куә болу деректерін ерте анықтаудың тетіктерін әзірлемек.
Қорытынды тапсырмалар
Премьер-министр амнистияға іліккен адамдарды қоғамға бейімдеу, олардың қайталама құқық бұзушылықтарының алдын алу, психологиялық қолдау және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берді.