«Біз оларға қару береміз, олар бізге ақы төлейді», — деді АҚШ президенті.
Бұл сөздер Fox News-тың YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілді.
Жоспардың негізгі бөлігі — Украинаға аса қажет деп танылып отырған Patriot зениттік-зымыран кешендерін жеткізу. Сонымен қатар, қысқа қашықтыққа арналған зымырандар, гаубица оқ-дәрілері мен орта қашықтықтағы «әуе-әуе» класты зымырандар да тізімде бар.
CNN дереккөздерінің хабарлауынша, мұндай схема туралы идея Трамп сайлауда жеңіске жеткеннен кейін, былтыр Еуропа елдері АҚШ-тың Украинадағы соғысқа қатысуын азайтуы мүмкін деген қауіптен кейін туындаған.
Бұл жоспар Трамп үшін бірнеше мәселені қатар шешеді: біріншіден, АҚШ-тың Украинаға тікелей қару беруіне қарсы ішкі сыннан жалтара алады, өйткені ресми түрде қару Еуропаға сатылған болып есептеледі. Екіншіден, әрбір Patriot жүйесінің құны шамамен 1 миллиард доллар тұрады, және Трамп бұл тетіктің АҚШ экономикасына тиімді болатынын атап өтті.
АҚШ шенеуніктерінің айтуынша, бұл тәсіл Украинаға қару жеткізуді жеделдетуге де мүмкіндік береді. Өйткені зымыран жүйелері АҚШ-тан емес, Еуропадағы қоймалардан жөнелтіледі.
Ақ үй бұл қадамды Трамптың Украинаға көмек көрсетуге ниеті бар екенін Мәскеуге берілген маңызды белгі деп санайды.
Соңғы апталарда бұл жоспарды іске асыру жөніндегі келіссөздер жандана түсті. Оған Германия, Норвегия және тағы кемінде төрт еуропалық ел қатысып жатыр. CNN дереккөздеріне қарағанда, Германия канцлері Фридрих Мерц Трамппен Patriot жүйелерін сатып алып, кейін оны Украинаға беру туралы мәселені талқылаған.
Жақында Нидерландыда өткен НАТО саммитінде Украина президенті Владимир Зеленский өз еліне қажетті қару түрлерінің тізімін ұсынды.
НАТО Бас хатшысы Марк Рютте бұл жоспардың егжей-тегжейін АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет және штаб бастықтары комитетінің төрағасы генерал Дэн Кейнмен талқылады. Оның айтуынша, бұл тетікке өзге еуропалық елдер де қызығушылық танытып отыр.
Айта кетейік, НАТО Украинаға тікелей қару жеткізбейді, бірақ мүше елдердің көмегін үйлестіреді. Жаңа механизм бойынша, елдер АҚШ-тан бұрын сатып алынған қаруды немесе арнайы осы мақсатқа арналған жаңа қаруларды Украинаға тапсыра алады.
Еске сала кетейік, Гаагадағы НАТО саммитінде одаққа мүше мемлекеттер әскери шығындарды айтарлықтай арттыруға келісті. 25 маусымда қабылданған бірлескен мәлімдемеде 2035 жылға дейін қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің кемінде 5 пайызына дейін жеткізу міндеті бекітілді. Бұл – «қырғи-қабақ соғыс» дәуірінен бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Бұған дейінгі мақсат 2 пайыз болатын.
Сондай-ақ саммит аясында Трамп пен Зеленский 50 минутқа созылған жеке кездесу өткізді. Кейінгі баспасөз мәслихатында Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату ойлағаннан қиын болып шыққанын мойындады.