Резонанс тудырған сот үкімінен кейін тараптар арасында дау қайта күшейді. Бұл жолы жазаланғандардың жақындары Қасым-Жомарт Тоқаевтан марқұмның туыстарының әрекетін тергеуді сұрап, мәлімдеме жасады.
Талғарлық жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша марқұмның отбасын "қоғамдық пікірді манипуляциялау, полицияға доқ көрсету және саналы түрде арандату әрекеттеріне барды" деп айыптады.
Бейнежазбада өзін Бауржан Әбдірахманов деп таныстырған азамат "сотталғандардың ата-аналары мен Талғар тұрғындарының бір бөлігінің ұстанымын" жеткізді. Оның айтуынша, бала қаза тапқаннан кейін марқұмның жақындары әлеуметтік желілер мен психологиялық қысым арқылы жүйелі ақпараттық шабуыл бастаған.
– Олар өз мақсаттарына жету үшін барлық тетіктерді – әлеуметтік желілерді, тыйым салынған психологиялық әдістерді, тіпті ашық арандатушылықты да пайдаланған, – деді ол.
Ерекше назар аударатын жайт – марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтың әрекеті. Ол қанды оқиға түнінде және кейін, інісінің жаназасы кезінде, пышақпен жұртқа жүгіріп, тәртіп сақшыларына қоқан-лоққы көрсеткен делінеді.
Сонымен қатар, видеоүндеуде марқұмның қарындасы полиция қызметкеріне күрекпен шабуылдады деген мәлімет те айтылған. Ал олардың туысы Бақыт Рәимова "қазақ халқына тіл тигізіп, бүлікке шақырды" деген айыпқа ілікті.
Сотталғандардың жақындары зардап шеккен тараптың әрекеті Талғардың беделіне нұқсан келтіріп, ел ішіндегі тұрақтылыққа қауіп төндіріп отыр деп есептейді.
– Бізде сұрақ туындайды. Заң бәріне бірдей емес пе? Әлде елде заңнан биік тұратын топ бар ма? Олар жұртты осылай басқаруды қайдан үйренді? – дейді жазба авторлары.
Шерзаттың отбасы бұл мәлімдемеге әлі жауап қатпады. Бірақ бұған дейін олар үкіммен келіспейтінін ашық айтқан еді.