Сотта ол оқиға кезінде пышақпен небәрі алты-жеті рет соққы жасағанын ғана есінде сақтағанын айтты. Алайда айыптау актісіне сәйкес, Нұрай Серікбайдың денесінен 35 пышақ жарақаты анықталған, оның тоғызы өмірлік маңызды ағзаларға тиген. Прокуратураның мәліметінше, алғашқы шабуылдан кейін айыпталушы оқиға орнынан алыстағанымен, кейін қайта оралып, шабуылын жалғастырған.
Сондай-ақ Шерхан Аймахан бұрынғы жауабын өзгертіп, өзіне пышақ жарақатын Нұрай емес, өзі салғанын мойындады. Бұған дейін ол қыздың бірінші болып шабуыл жасағанын айтқан болатын.
Айыпталушының сөзінше, 11 қаңтар күні ол Нұрайды қарым-қатынасты тоқтату үшін кездесуге шақырған. Оның айтуынша, қызға зиян келтіруді ойламаған және оқиғаның қайғылы аяқталатынын күтпеген. Ал мемлекеттік айыптаушы қылмыс алдын ала жоспарланған деп есептейді. Тергеу нұсқасы бойынша, Аймахан кездесуге пышақ алып келген және бұған дейін де Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдып, мазалап жүрген.
Қазіргі таңда Шерхан Аймаханға аса қатыгездікпен кісі өлтіру, аңду және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылған. Іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.