Tengrinews.kz дерегінше, Сарапшы бұл іске барлық қатысушыларға бірдей «кісі өлтіру» айыбы тағылмауы – заң талаптарына сай екенін айтқан.
– Қылмыстық істерде, әсіресе осындай күрделі істерде, эмоция мен қоғамдық пікірге еріп кетпей, дәлелдерге ғана сүйеніп шешім қабылдау маңызды. Әр адамның кінәсі нақты дәлелмен жеке қаралуы тиіс. Бұл – қылмыстық құқықтың негізгі принципі, – деді Жұмағұлова.
Ол сот процесін жіті бақылағанын, тәжірибесі негізінде топтық күш қолдану жағдайында кісі өлтіру айыбы тек өлімге тікелей себеп болған және қасақана ниеті дәлелденген жағдайда ғана тағылатынын айтты.
– Бұл істе барлық қатысушылардың бірдей қасақана кісі өлтіруге келісіп алғаны дәлелденбеді. Сондықтан әрқайсысының жауапкершілігі өз іс-әрекетіне қарай белгіленуі – заң талабына сай, – деді ол.
Абзал Шынасыл – негізгі күдікті, прокурор оны 23 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады
Абзал Шынасылдың Шерзат Полатты пышақтап өлтіргені сот-медициналық сараптама, куәгерлердің айғақтары және оның өзі тергеу кезінде мойындаған жауабымен дәлелденген. Сонымен қатар, ол:
- қару қолдану арқылы бұзақылық жасау (ҚК 293-бап, 3-бөлім),
- ерекше қатыгездікпен және бұзақылық ниетпен кәмелетке толмағанды өлтіру (ҚК 99-бап, 2-бөлім, 5, 9, 14-тармақтар),
- бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу (ҚК 24-бап, 3-бөлім мен 99-бап, 2-бөлім, 1, 7, 9-тармақтар) баптары бойынша айыпталған.
Жұмағұлованың айтуынша, прокурордың 23 жыл сұрауы – заң шеңберінде, себебі Шынасыл жасаған қылмысқа өкінбеген және оны мас күйінде жасаған.
Равиль Сакиев – 20 жыл
Сакиев Шерзатты өлтірмегенімен, тергеу дерегінше, оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевты өлтіруге оқталған. Сонымен қатар ол топпен бірге қару қолданып, шабуыл жасаған. Бұзақылық үшін 7 жыл, кісі өлтіруге оқталғаны үшін 15 жыл — прокурор жалпы 20 жыл сұрады.
Сарапшы Сакиевтің бұрын сотталғанын, сотта өкінбегенін және қайшы жауап бергенін де атап өтті.
Азамат Токтаубаев – 15 жыл
Ол екі қылмыс бойынша айыпталды: телефон ұрлау және қару қолдана отырып бұзақылық жасау. Сонымен қатар, бұған дейін де ауыр дене жарақатын салғаны үшін 7 жылға сотталған. Осы істер біріктіріліп, прокурор 15 жыл сұрады.
Ильясов – 9 жыл
Ильясов 2024 жылы Талғар сотымен полицияға күш қолданғаны үшін және бұзақылық үшін 2,6 жылға шартты жаза алған. Қазір оған 7 жыл сұралды, ал бұрынғы жаза ескеріліп, прокурор соттан 9 жыл тағайындауды сұрады.
Думан Ысқақ – 1 жыл 6 ай
Думан Ысқақ қылмыс жасамаған, бірақ қанды оқиғаның болатынын біліп, полицияға да, ата-анасына да айтпаған. Яғни, ол «аса ауыр қылмыс туралы хабарламау» бабы (ҚК 434) бойынша айыпталған. Прокурор оның кәмелетке толмағанын, зорлық-зомбылыққа тікелей қатыспағанын, өкінгенін ескеріп, 1 жыл 6 ай сұрады.
– Мұндай істерде жаза – тек жазалау емес, тәрбиелік мәні де болуы тиіс. Яғни: «қатыспасаң да, біліп тұрып үндемедің – бұл да жауапкершілік», – деді Хатиша Жұмағұлова.
Айта кетейік, сот алқасы үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті. Үкім 5 маусымда, сағат 16:00-де жариялануы мүмкін.