Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Владислав Кухта ұлттық құрамадан неге кетті?

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының үздіктерінің бірі болған Владислава Кухта не себепті ел құрамасынан кетіп, Венгрия атынан өнер көрсетуге бел буғанын түсіндірді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Владислав Кухта ұлттық құрамадан неге кетті?
Фото: ашық дереккөзден

Айтуынша, ұлттық құрамада әділетсіздікке тап болып, халықаралық аренада өз мүмкіндігін көрсетуге мүмкіндік берілмеген.

— Мен әрдайым 57 келі салмақта жұдырықтасып келдім. Бірақ бір сәтте бұл салмақта әрі қарай өнер көрсете алмайтынымды сездім. 2022 жылы салмағымды 60 келіге ауыстырып, желтоқсанда сол салмақта Қазақстан чемпионы атандым. Бұл жарыстың алдында Венгрия бокс федерациясы менің бапкеріммен хабарласқан еді. Алайда біз ол ұсынысты қарастырмадық, өйткені Қазақстан чемпионатына дайындалып жатқанбыз, — дейді Владислава.

Сол жылы чемпион атанғанымен, бапкерлер келесі көктемде 60 келіде өтетін әлем чемпионатына Кухта емес, екінші нөмірлі боксшыны апару жөн деп шешкен.

— Маған өзімді дәлелдеуге мүмкіндік берілмеді. Бір жыл бойы ешқандай жарысқа қатыса алмадым. Себебі маңызды турнирлерге тек бірінші және екінші нөмірлер ғана барады. Ал мен 57 келіге сыймай қалдым, 60 келіде әлі көзге түсуге үлгермедім. Бір жыл күттім, ақыры бірінші нөмір атансам да, әлем чемпионатына бара алмадым, — дейді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанда чемпион болу – халықаралық жарысқа қатысуға жолдама деген сөз емес.

— Бұл жағдайдан кейін «Маған мұның не қажеті бар?» деп ойлана бастадым. Әлем чемпионаты кезінде Венгрия тарапы қайта хабарласып, «Сен елінің бірінші нөмірісің, неге қатыспадың?» деп сұрады, — деп бөлісті боксшы.

2023 жылдың соңында Кухта Венгрия чемпионатын жеңіп алды. 2024 жылдың басында азаматтығын ресми түрде ауыстырғанымен, Париж Олимпиадасына жолдама ала алмады.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату