Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мен отандық басылымдарды басып шығару, сондай-ақ кітаптарды қағаз түрінде басу қызметтері де ҚҚС-тан босатылмақ.
Ауыл шаруашылығындағы өнім өндірушілерді қолдау үшін ҚҚС-ты есепке жатқызу коэффициенті 70%-дан 80%-ға дейін арттырылды.
Оңайлатылған декларацияға қатысты да жаңа ереже күшіне енеді. Бұған дейін қолданылған рұқсат етілген қызметтер тізімі енді тыйым салынған тізіммен алмастырылады. Бұдан бөлек, мәслихаттар жергілікті жағдайларды ескере отырып, бірыңғай 4 пайыздық мөлшерлемені ±50% көлемінде өзгерту мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілері арасындағы мәмілелерге арнаулы салық режимін қолдану аясы кеңейтіледі.
Ойын бизнесі мен банк секторына қатысты салық жүктемесі де күшейтілді. Енді бұл салалар үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі 25%-ға дейін ұлғайтылды. Алайда банктер кәсіпкерлік нысандарын несиелеуден тапқан табысы үшін бұрынғыдай 20% мөлшерлемемен салық төлейді.
Жеке табыс салығына да прогрессивті жүйе енгізіледі. Мәселен:
Жалақы табысы жылына 8500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін болса — 10%, ал бұл шектен асса — 15% болады.
Дивидендтен түскен табыс 230 000 АЕК-ке дейін — 5%, ал одан жоғары болса — 15%.
Резидент емес жеке тұлғалар үшін бұл табыс 600 000 АЕК-ке дейін — 10%, ал одан жоғары болған жағдайда — 17% мөлшерінде салық салынады.