Қазақстанда ҚҚС-тың ұлғаюы мемлекеттік бюджет кірісіне қандай оң және теріс әсерлерін тигізуі мүмкін?
ҚҚС ұлғаюының бюджетке оң және теріс әсері де бар. Бірінші оң әсерлерін атайық. Біріншіден, бюджет кірісі артады. Себебі, мөлшерлеме ұлғаятын болса қосымша салық түсімдерінің де ұлғаятыны белгілі. Бұл бюджет тапшылығын қысқартуға және әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, мемлекеттік қарызды азайту мүмкіндігін тудырады да, қаржылық тұрақтылыққа әкеледі. Үшіншіден, әлеуметтік инфрақұрылымдарды қаржыландыруға әсерін тигізеді. Мұның тағы да бір жағымды функциясы, салықтық әкімшіліктендіруді жақсылап жолға қоятын болсақ, бюджет кірісінің көбеюімен қатар көлеңкелі экономиканың да азаюына әсерін тигізеді.
Кері әсерлерінен айтатын болсақ, біріншіден, ҚҚС-ның көбеюі тұтынушыларға салмақ салады. Өйткені, ҚҚС көтерілген сайын қызметтер мен тауарлардың бағасы өседі. Бұл өз кезегінде халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне және өмір сүру деңгейіне де кері әсерін тигізеді. Екіншіден, инфляцияға әсері. ҚҚС мөлшерлемесінің артуы өндірушілер мен кәсіпкерлердің шығынын көбейтіп, сол арқылы инфляция да өсуі мүмкін. Үшіншіден, бұл кәсіпкерлерге де әсерін тигізеді. Шағын және орта бизнес (ШОБ) үшін салық ауыртпашылығы артқан сайын кәсіпорындар өз қызметтерін тоқтатады немесе көлеңкелі экономикаға кетіп қалуы мүмкін. Төртіншіден, инвистициялық тартымдылықтың төмендеуіне әкеледі, яғни, салықтық жүктеме шетелдік немесе жергілікті инвесторлардың Қазақстан нарығына деген қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Яғни, ҚҚС көтеру қосымша бюджет әкелгенімен экономикалық белсенділік пен халықтың әл-ауқатына да кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мемлекет салықтық мөлшерлемені көтере отырып, әлеуметтік осалдылықтарды да қолдау шаралары мен бизнес үшін жеңілдіктерді қарастыру керек.
Халықаралық тәжірибеде ҚҚС мөлшерлемесін көтеру қандай елдерде тиімді нәтиже берді, ал қай елдерде кері әсер етті? Қазақстан үшін қайсысы үлгі бола алады?
Тиімді нәтиже берген елдердің қатарында Дания бар. Онда ҚҚС мөлшері 25 %. Бірақ жоғары болған сайын жан-жақты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі дамыған. Бұл елде жалақы жоғары болғандықтан салықтың өсуі қатты әсер ете қоймайды. Соның нәтижесінде әлеуметтік кірістер өсіп, әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламалары да күшейген.
Германия мемлекетінде де салықтың көбеюі бюджет тапшылығын төмендетуге оң әсерін тигізді. Алынған кірістер әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақы жүйесін тұрақтандыруға әсерін тигізді. Инфляцияны бақылай отырып халықтың түрлі қабілетінің жоғары деңгейде дамуын қамтамасыз етті. Мысалы, Жапонияда 5-10%-ға дейін өсті. Мұнда да, әлеуметтік және денсаулық сақтау бағдарламаларын қаржыландыруға мүмкіндік берді де, бұл да өзінің мультпликативтік пайдасын берді.
Ал кері әсерін берген мемлекеттер қатарында Грекия бар. Онда ҚҚС 24 %-ға өсіп, халықтың да төлем қабілеті төмендеген. Кәсіпорындар салықтан жалтарып, көлеңкелі экономика өсіп, экономикалық өсімдер баяулады.
Испания мемлекетінде де ішкі сұраныс төмендеп, экономикалық белсенділіктің бәсеңдегенін байқауға болады. Малаизияда ҚҚС енгізілген кезде халық наразылығы күшейіп, тұтынушылардың сатып алу қабілеті төмендеген. Сол үшін олар бұл салықтың орынын басқа салықтармен ауыстырды.
Қазақстан үшін ҚҚС бірден емес біртіндеп көтеру, салық ақшасын халыққа әлеуметтік көмек ретінде қайтарып беру тиімді болса, біз Германияның үлгісін алуымызға болады. Ал Дания үлгісін алатын болсақ, ҚҚС халықтың табысымен теңестірілуі қажет. Бұл үшін әдеуметтік төлемдер мен ең төменгі жалақыны арттыруымыз қажет. Ал Грекия, Исапания елдерінің үлгісі бізге жарамайды. Төлем қабілеттілігін төмендетіп алуымыз мүмкін. Яғни, біз ҚҚС бірден емес, кезең-кезеңімен көтеруіміз керек.
ҚҚС-тың жоғарылауы халықтың сатып алу қабілетіне қалай әсер етеді? Орта және төмен табысты азаматтарға әсерін азайту үшін қандай шаралар ұсынасыз?
ҚҚС тұтынуға салынатын салық болғандықтан қызметтердің де қымбаттауына әсерін тигізеді. Әсіресі, орта және төмен табысты азаматтардың сатып алу қабілетіне әсер етпек. Біріншіден, тұтынатын тауарлардың бағасы өседі. Дәрі-дәрмектер, комуналдық қызметтер қымбаттайды. Өз кезегінде нақты табыс төмендейді. Ішкі сұраныстың төмендеуі немесе тұтынушылардың шығындарын қысқарта отырып бизнеске де кері әсерін тигізеді. Кәсіпкерлер салықтан жалтара бастауы мүмкін.
Біз не істеуіміз керек?
Нақты шараларды түсінуіміз керек: әлеуметтік төлем бағдарламалары, табысы төмен азаматтарға салық жүктемесін азайту сияқты жәрдемақыларды ұйымдастыру керек. Салықтық әкімшілікті жетілдіру де маңызды, яғни, электронды төлемдерді ынталандыру арқылы салық түсімдерін ашық түрде қамтамасыз етуіміз керек. Табысты қайта бөлу механизмдерін де күшейтуді жолға қою керек. Яғни ҚҚС жоғарылаған жағдайда бай азаматтар үшін кіріс салықтарын көбейтіп әлеуметтік саясатты да күшейтуге болады. Кейбір елдерде мұндай жүйе бар.
Шағын және орта бизнеске ҚҚС-тың артуы қандай қысым көрсетеді?
1)ҚҚС-тың артуы өнімнің өзіндік құнының өсуіне әкеледі. Яғни кәсіпкерлер шикізатты жоғары бағада сатып алуға мәжбүр болады, бұл өз кезегінде өндірістік шығындарды арттырады.
2)Ішкі нарықтағы тұтынушылар бағаның өсуіне сезімтал келеді де, бұл бағаның өсуіне әкеледі.
3)Көлеңкелі экономика: кәсіпорындар шығындарды көбейтіп көрсетіп, салықты азайтады.
4)Ақша айналымының нашарлауына әсер етеді. ҚҚС уақытында төлеу бизнеске қаржылай қысым жасайды да, ол ақша айналымында қаражаттың жеткіліксіздігіне алып келеді.
5)Шағын кәсіпкерлердің түрлі бизнеспен бәсекелесе алмауына да ықпал етпек.
Кәсіпкерлер үшін қандай өтемдік немесе жеңілдету шаралары қарастырылуы мүмкін?
Жағымсыз әсерді азайту үшін келесідей шараларды енгізу керек деп ойлаймын:
•ШОБ үшін ҚҚС-тың шектік мөлшерін көтеруіміз керек.
•Шағын бизнес үшін ҚҚС жалпы мөлшерлемеден төмендету;
•ҚҚС қайтаруды жеңілдету мен жеделдету, яғни ҚҚС қайтаруды рәсімдеуді оңайлатып немесе жеделдететін болсақ, ШОБ айналым қаражатын ұлғайтуға оң ықпалын тигізеді.
•Салықтық каникулдар, субсидиялар беруімізге болады. Бұл кәсіпкерлердің сол саламен айналысуына мүмкіндік беріп, қызығушылық тудырады.
ҚҚС мөлшерлемесінің артуы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына және шетелдік инвесторлардың қызығушылығына қалай әсер етуі мүмкін?
Алдымен теріс әсерлеріне тоқталсақ, Іскерлік шығындардың артуы: шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанда бизнес жүргізу қымбаттайды. Олар салықтық жүйесі тартымды, ыңғайлы елдерге кетіп қалуы мүмкін.
Екіншіден, ішкі тұтыну төмендеуі мүмкін. Бұл да біздің елден капиталдың алыстап кетуіне әсер етеді.
Оң әсерлері де баршылық. Әрине, ҚҚС мөлшерлемесінің артуы Мемлекеттік кірістердің де артуына әсер етеді: әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға көбірек мүмкіндік аламыз.
Стратегиялық маңызы бар: өндірістік, IT, экспортқа бағытталатын салаларға салықтық жеңілдіктер енгізілсе, шетелдік инвесторлар үшін жеңілдіктер жасалып, қызығушылықтарын тудыруы да мүмкін.
ҚҚС мөлшерлемесін көтергенде салмағы түсетін салалларға басқа да бір жеңілдіктер жасап, салықтық әкімшіліктерді қарастырып жүйеге келтіруіміз керек. ҚҚС бірінші кезекте өңдеуші өнеркәсіптердің мүддесіне жұмыс жасайтындай болуы керек. Біз салықтық мөлшерлемені көтерсек те, біздегі импортқа бәсеке болатындай отандық кәсіпорындарға басқа да жеңілдіктер қарастырылатын болса, бұл нәтижесін береді.
Сондай-ақ, салықтық әкімшіліктендіруді жетілдіру керек. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нарықтық механизмдер әзірлеуіміз керек.