Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Дәлірек айтқанда, әлемде баламасы жоқ осынау ұйым 1995 жылдың 1 наурызында құрылған болатын. Мақсат – еліміздегі тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір түрлі ұлт пен ұлыстың берекелі бірлігі мен тату тірлігін сақтау және одан әрі нығайту еді. Міне, бүгінде сол ұлы мақсат артығымен орындалып отыр десек, артық айтқандығымыз болмас. Мұны біз тілдескен сарапшылар да растайды...
Солардың бірі – тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет. Оның ойынша, сол кезде Тәуелсіздік алғанына небәрі бес жыл ғана толған жас мемлекеттен осындай бірегей ұйымның құрылуының өзі үлкен оқиға болатын.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл – конституциялық мәртебесі бар ерекше институт болып табылады. Осы орайда, мен оның ең негізгі деген төрт қызметін айрықша атап өтер едім. Бірінші міндет – еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің мүдделерін қорғау. Бұл не деген сөз? Яғни, әрбір қазақстандықтың құқығы олардың ұлтына қарамастан бірдей қорғалуға тиіс. Екіншіден, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту да – өте маңызды аспектілердің бірі. Себебі, «бірлесіп пішкен тон келте болмайды» деп халқымыз бекерге айтқан жоқ. «Саусақ бірікпей иненің ілікпейтіні» тағы бар. Сондықтан бірліксіз ештеңе бітпейді. Тек қоғамдық келісім салтанат құрған елде ғана өсу, өрлеу, өркендеу болады. Үшіншіден, ашық аспан астында алаңсыз өмір сүріп жатқанымызды бағалай білуіміз керек. Ол үшін не істеу керек? Бұл ретте, еліміздің әр азаматы ұлт пен ұлысқа бөлінбей, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» жүріп мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға жәрдемдесе білуі қажет деп санаймын. Ал, мемлекет өз кезегінде этномәдени бірлестіктерге қызу қолдау көрсетіп отыруы керек деп ойлаймын. Сонда ғана керегеміз кең, тереземіз тең бола бермек. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы қызметі» дейді тарихшы бізбен әңгімесінде.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының әр өңірде филиалдары бар. Оның құрамына 100-ден аса этномәдени бірлестік кіреді. Сондай-ақ, зиялы қауым мен жастар ұйымдарының өкілдері де бар. Сонда, олар немен айналысады? Біз бұл сауалды «Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігінің өкілі Кансэй Теге қойған едік.
«Мен мектеп қабырғасында жүріп Қазақстанда 130-дан астам этнос барын білген кезде қатты таңқалғаным бар. Өйткені, жері қандай кең болса да, халық саны 20 миллионға да жетпеген мемлекетте осыншама ұлт пен ұлыс өкілінің тату-тәтті тірлік кешіп жатқаны расымен де сүйсінерлік жайт қой! Мен бұған таңқалудан әлі де жалықпаймын. Шүкір, қазір халқымыздың саны 20 миллионнан асып келеді. Осы орайда, өсіп-өнген Қазақстанын тіпті өзінің тарихи отанына да айырбастай алмайтын түрлі этнос өкілдерінің патриоттық сезіміне сүйсінбеске болмайды! Солардың қатарында мен де бармын. Себебі, өзімнің тарихи отаным Оңтүстік Кореяның жеткен жетістіктігі мен теңдессіз табысын, тың технологиясы мен озық экономикасына қанша жерден қызықсам да, өзім туып-өскен алақандай Атырауымды ешқайда қимаймын. Тіпті, шетелге сапар шеккен уақытта да, арада бір апта өтер-өтпестен өз елімді ерекше сағына бастаймын. Бұл сезімді, сірә, сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мұны тек үнсіз жүрекпен ғана ұғуға болады. Өзіме келсем, мен Кәріс жастар қозғалысының мүшесі болып табыламын. Елімізде 40-қа жуық Достық үйі мен орталық болса, соның бірі біздің Атырау қаласында да бар. Біз сол жерде жиі бас қосамыз» дейді кейіпкеріміз.
Ал, енді әр нәрсенің де қос қыры болатыны секілді, жұмыс қызу жүріп жатқан жерде алыпқашпа әңгімелердің де қатар жүретіні бар ғой. Осы ретте, әлеуметтік желіде біреулер істің байыбына бармай, Ассамблеяның абыройына нұсқан келтіретін пікірлер жазып жатады. Солардың арасында «Ассамблеяның не қажеті бар?» деп айды аспанға бір-ақ шығаратындар да кездеседі. Оларға «Мемлекеттік рәміздерді насихаттау» ұлттық орталығының басшысы Руслан Хамзаның өз жауабы бар...
«Ассамблеяның маңызына күмән келтіру – білімсіздіктің белгісі деп білемін. Себебі, өзіңіз ойлаңызшы, әлемде орын алып жатқан неше түрлі саяси жанжалдар мен ұлтаралық араздықтар Қазақстанда неге жоқ? Ал, қазір әлеуметтік желіге кіріп жаһан жаңалықтарын қарап көріңізші, қанды қырғын мен сұрапыл соғыстардан басқаны көрмейсіз. Міне, осының өзінен-ақ бәрін түсінуге болады ғой. Ендеше, Қазақстанға Ассамблея секілді ұйым ауадай қажет. Мұндай ұйым арқылы елдегі татулық пен тыныштықты сақтап, бірлік пен берекені одан әрі нығайтуға болады. Әрине, Құдай сақтасын, бірақ елімізде екі ұлт өкілі өзара келіпей қалды делік. Олардың арасындағы кикілжіңге басқалар да қосылып, мәселені ушықтыра түсетіні айтпаса да түсінікті ғой. Ал, сол кезде Ассамблея мен этномәдени бірлестіктер көмекке келеді. Қандайма дау болмасын, оны білектің емес, білімнің күшімен шешуге тырысу қажет-ақ. Олай болса, Ассамблеяның ұзақ жылғы ұстанымы да – осы» дейді спикер.