Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.
Жаңа технология теміржол саласын цифрландыру шеңберінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ мен Eutelsat OneWeb, Jusan Mobile және Kaztechnology компанияларының бірлескен серіктестігі аясында енгізілді.
Talgo пойыздарындағы бұрыннан орнатылған мультимедиялық жабдық техникалық жағынан қайта бапталып, жолаушыларға Vputi.kz медиапорталымен қатар, интернетке де еркін қосыла алады.
OneWeb жүйесі төмен орбиталы спутниктердің көмегімен тіпті қолжетімсіз аумақтарда да тұрақты интернетпен қамтуға мүмкіндік береді. Қосылу жылдамдығы 100 Мбит/с-қа дейін жетеді. Байланыстың сенімділігі арнайы бейімделген жабдық арқылы қамтамасыз етіледі, ол пойыз қозғалысы кезінде және әлсіз желі аймақтарында да үздіксіз жұмыс істейді.
№3/4 «Астана–Алматы» пойызында жүргізілген пилоттық жоба жолаушылар тарапынан интернетке деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Сауалнама қорытындысы бойынша, жолаушылардың басым бөлігі интернетті жақындарымен байланысу (27%), жұмыс істеу (25%) және ойын-сауық контентін көру (22%) мақсатында пайдаланғаны белгілі болды.
«Астана–Өскемен» бағыты — спутниктік интернетпен жабдықталған екінші Talgo пойызы. Бұл бастама — барлық 15 бағытты кезең-кезеңімен интернетпен қамтуды көздейтін кең ауқымды жоспарымыздың бір бөлігі. Біз саяхаттарды заманауи талаптарға сай, ақпарат пен байланысқа қолжетімділікті қамтамасыз ететіндей етіп дамытуға ұмтыламыз. Бұл жоба жолаушыларға байланыста қалып, әрі жұмыс істеп, әрі демалуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Talgo пойыздарының барлық бағытын толық цифрлық сервистермен қамтуды жоспарлап отырмыз» - деп атап өтті, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.
Жоба шеңберінде билеттерді тексеруге арналған мобильді терминалдар, пойыз басшылары үшін бейнерегистраторлар және бейнебақылау жүйелері орнатылды. Барлық жазбалар автоматты түрде бұлтты деректер қоймасында сақталып, бақылау мен қауіпсіздік деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ғаламтордың енгізілуі мейрамхана вагонындағы төлем жүйесіне өзгеріс әкелді – енді жолаушылар тапсырыстарын жол барысында POS-терминалдар арқылы төлей алады.