Іс-шараға 800-ден астам қонақ шақырылды, олардың арасында танымал киногерлер, блогерлер мен журналистер болды. Қонақтарды ұлттық киімдегі қыздар қарсы алып, залда халық аспаптар оркестрі ойнады, ал фильмнің көрсетілімі алты залда ұйымдастырылды. Қатысушылар атап өткендей, бұл Қазақстандағы ең ірі кино тұсаукесерлердің бірі болды.
Алдағы Наурыз мерекесінің басты фильміне айналатын «Малай» атты жаңа отбасылық комедия отандық кинотеатрлардан 13 наурыздан бастап көрсетіледі. Бұл «Холоп» атты табысты халықаралық франшизаның ресми адаптациясы – 2019 жылы шыққан алғашқы фильм ресейлік прокаттың өзінде 62 миллион доллардан астам пайда тапқан, ал туындыны бейімдеу құқығы көптеген елдерге, соның ішінде Франция, Түркия, Мексика, Үндістан және Жапония секілді ірі кинонарықтарға сатылған.
Фильмнің отандық нұсқасының режиссері – «Келінжан», «Хотя бы в кинода 2» және «Жездуха» сияқты табысты хиттерді түсірген Ернар Нұрғалиев. Режиссердің айтуынша - бұл бүкіл отбасымен көруге арналған, жанға жылу сыйлайтын көңілді хикая. Отандық “Малай” қазақ тілінде түсіріліп, фильмде жергілікті менталитет пен әзіл ерекшеліктері ескерілді.
Сюжет Чина есімді бай баласы туралы, ол дүниеде барлық нәрсені әкесінің ақшасына сатып алуға болатынына сенімді. Бір сәтте әкесінің шыдамы таусылып, ол ұлын ерекше әдіспен қайта тәрбиелеуге шешім қабылдайды – олигарх XIX ғасырдағы қазақ ауылын қайта құрастыртын арнайы адамдарды жалдап, Чинаны сол жаққа жібереді. Ол енді ауқатты әкенің баласы емес, жаңа жағдайда күн көруге мәжбүр болған қарапайым жігіт болып шыға келеді.
“Әлемдік кинода сәтті туындыларды негізге алып, олардың адаптациясын ұсыну – кең таралған әрі танымал әдіс. Біз де осы бағытты қолданып, өзімізге үлкен талап қойдық. Қазақстан қоғамында мажорлардың тақырыбы өте өзекті, сол себепті “Холоп” франшизасы бізге сәйкес келді. Бізге қазақ менталитетін, құндылықтары мен әзілін ескере отырып, бейімдеу өте маңызды болды. Сонымен қатар, “Малай” – толықтай қазақ тілінде түсірілген фильм”, – деп атап өтті Unico компаниясының бас продюсері Анара Жунусова.
Басты рөлде Zheka Fatbelly деген лақап атымен танымал блогер Жеңіс Омаров ойнайды - оның Instagram желісінде 3,1 миллион оқырманы бар. Бұл оның кинодағы алғашқы үлкен рөлі. Жеңістің айтуынша, ол түсірілім кезінде қиналған, өйткені физикалық сахналар өте көп болған - әсіресе, ат үстінде отыру, атпен шабу деген секілді. Бірақ, қиындықтарға қарамастан, ол өз рөлінде ойнай біліп, кейіпкерін түсінуге тырысқан.
«Менің кейіпкерім - тойынған байдың баласы. Ешкімді тыңдамайды, ешкімнен қорықпайды. Көп жамандық жасайды және әкесінің құдыретімен бәрін шешемін деп үміттенеді. Аса жағымсыз кейіпкер, бірақ, сонымен бірге, оның ішінде бір мұң бар. Оның өзін осылай көрсеткені - оны ешкім естіп, көрмеген соң, бұл оның наразылық білдіруі, былай айтқанда протесты», - дейді Жеңіс Омаров.