Оқиға туралы Threads әлеуметтік желісіндегі amure_qaz02 қолданушысы жазды. Алматы қаласының Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бұл ақпаратты растады.
Медициналық мекеме мәліметінше, 12–13 қазанда Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы ауруханаға түскен. Қазіргі уақытта олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында.
Сонымен қатар мектеп-интернатта тұратын тағы сегіз бала оқшауланып, медициналық бақылауға алынған.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қаулысымен мектептің, интернаттың және ас блогының жұмысы уақытша тоқтатылды. Мамандар тексеру жүргізіп, зертханалық зерттеулер үшін сынамалар алды.
Қазіргі уақытта оқушылардың жаппай сырқаттану себебі анықталып жатыр. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында.