Түкірік жұтса, ораза бұзылады
Үкім: Жалған
Сілекей мен түкірік мәселесі оразаны бұзбайды.
«Әзерет Сұлтан» мешітінің ресми youtube каналында исламтанушы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахмет осы сұраққа арнайы жауап берген болатын:
Сілекей мен түкірік мәселесі оразаны бұзбайды. Өйткені, Әзірет Әлидің айтуы бойынша сырттан кіргеннің барлығы оразаны бұзады. Іштен шыққандар бұзбайды. Адамда сілекей іште болғандықтан, ол үнемі келіп кетіп тұрады. Оның ешқандай зияны жоқ. Көп кісілер бұны қате түсінеді. Тіпті, адамның түкірікті көп жұтынуы мәкрүһ болып есептеледі. Бірақ, ол ешқандай да оразаны бұзбайды. Сырттан ешнәрсе жұтпағандығы үшін.
Намаз оқымасаң, ораза ұстауға болмайды
Үкім: Жалған
Намаз оқымай ораза ұстасаңыз, екі парыздың бірін орындаған боласыз. Ол үшін оразаны бұзудың керегі жоқ.
Fatua.kz сайтында осы сұрақ төңірегінде де жауап берілген болатын.
Намаз оқу, ораза ұстау, әрбір балиғат жасқа толған мұсылманға парыз. Ал енді, намаз оқымай ораза ұстасаңыз екі парыздың бірін орындаған боласыз. Ол үшін оразаңызды бұзудың керегі жоқ. Ал намаз оразадан алдын парыз етілген. Сондықтан екеуінде әрбір балиғатқа толған мұсылманға орындау парыз.
Құлаққа су кірсе, ораза бұзылады
Үкім: Жалған
Muslim.kz сайтында құлаққа судың кіруі немесе бұлықтың ағуы оразаны бұзбайтын амалдардың қатарына жатқызылған.
Ниет тек арабша жасалуы керек
Үкім: Жалған
Ниет негізінде жүрекпен жасалады.
Muftyat.kz сайтында ниеттің қалай жасалатындығы жөнінде нақты айтылып кеткен болатын. Сайтта көрсетілген ақпаратқа қарасақ, ниетті арабша жасау шарт емес.
Ниет негізінде жүрекпен жасалады. Яғни түнде, ертең ораза ұстайтыны жайында ойлаған адам ниет еткен болып есептеледі. Ораза ұстау ниетімен сәресіге тұрған адамның бұл ойы да ниет болып есептеледі. Оразаға жүрекпен ниет ету жеткілікті. Бірақ жүрегімен қоса тілмен жеткізсе, одан да жақсы. Сондықтан ораза ұстайтын адам әрі жүрегімен, әрі тілімен ниет етіп: “Ниет еттім Рамазанның ертеңгі оразасын ұстауға” деп айтуы абзал.
Байқамай ішіп-жеп қойса, ораза бұзылады
Үкім: Жалған
Егер аңдаусызда ұмытып ішіп-жеп қойса, онда ораза бұзылмайды. Бірақ, ораза ұстап жүргендері есіне түскен сәттен бастап ішіп-жеуді дереу тоқтатып, ауыздарын шайып, оразаларын ары қарай жалғастырады. Пайғамбарымыз хадисінде: «Кімде-кім ұмытып ішіп-жеп қойса, оразасын қайта жалғастырсын. Өйткені, оған Аллаһ Тағаланың өзі ішкізіп-жегізген»,-дейді.
Ораза екендігі есіне түскенде, дереу астан тыйылу керектігін біле тұра «болды, бұзылды» деп тамақ жеуін жалғастырған адам күнәһар болады. Ал, ондайда дереу асты доғару керектігін білмей ішіп-жеп кеш батырған адам ораза айы біткеннен кейін сол күннің қазасын өтейді.
Сағыз шайнау – оразаны бұзады
Үкім: Шындық
Сағыздың дәмінен ауызда тәтті сұйықтық пайда болып, ол асқазанға түсетіндіктен, ораза бұзылады.
Әрі бұл азық қатарына жататындықтан, бұған кәфәрат* қазасын өтеуіңізге тура келеді. Яғни, сағыз шайнап, тәтті сұйықтықты жұтқан адам рамазан айынан кейін екі ай үзбестен ораза ұстайды. Бұл жаңа сағыз үшін. Ал, бұған дейін шайналған, тәтті дәмі қалмаған ескі сағызды шайнауға келетін болсақ, бұл мәкрүһ** болып саналады.
Егер сағызды ораза кезінде ауыздағы жағымсыз иісті кетіру мақсатында шайнағыңыз келсе, бұдан басқа тәсілдерге жүгінуге кеңес береміз. Атап айтсақ, сағыздың орнына мисуак немесе тіс пастасын қолдансаңыз болады. Тек тіс пастасының көбігін жұтып қоймауды қатаң қадағалаңыз. Ал егер байқаусызда ішке кетіп қалған болса, онда сол күнгі орзаның қазасын ғана өтейсіз. Кәфәрат керек емес. Себебі, тіс пастасы азыққа саналмайды.
Жүкті немесе бала емізетін әйелдерге рамазан айында ораза ұстамауына рұқсат
Үкім: Шындық
Аяғы ауыр немесе бала емізетін әйел кісі ораза ұстаған жағдайда өзіне және балаға зиян келуінен қорықса, ораза ұстамаса болады. Осы жағдайлар аяқталғаннан кейін ұстай алмаған күндерінің қазасын өтейді.