Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Сәресіне ұйықтап қалсаңыз не істеу керек?

Ораза тұтатын адамдарға сәресіне ерте тұру қажет. Алайда күндіз жұмыс істейтін немесе оқитын, ал түнде хатым Құранға қатысатын кейбір жандар қатты шаршап, сәресіне тұра алмай қалуы мүмкін. Осындай жағдайда да Ислам діні парыз болған оразаны қалдырмауды міндеттейді.

Сәресіне ұйықтап қалсаңыз не істеу керек?
Ramadan

Егер Рамазан айында адам сәресіне ұйықтап қалып, оянғаннан кейін ешнәрсе жемей, ішпей, ораза ұстауға ниет етсе, оның оразасы дұрыс болып саналады. Өйткені күн шыққаннан кейін, түске дейін оразаға ниет етуге рұқсат етіледі. Бірақ егер адам таң атқан соң әдейі немесе ұмытып тамақ жесе, су ішсе немесе жыныстық қатынасқа түссе, сол күнгі оразаға ниет етуі жарамсыз болады.

Сәләма (Алла оған разы болсын) есімді сахабадан риуаят етілген хадисте Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Асләм тайпасынан бір кісіге:

«Адамдарға жарияла: кімде-кім бүгін тамақ ішкен болса, күннің қалған бөлігінде жемесін. Ал кім ешнәрсе жемеген болса, ораза тұтсын. Өйткені бүгін – Ашура күні» (Бұхари, Мүслим), – деп бұйырған. Бұл хадисте Рамазан оразасы Ашура күнімен салыстырылған. Себебі Исламның алғашқы кезеңінде Ашура оразасы парыз болған еді.

Имам Тахауи: «Бұл хадистен белгілі бір күнде ораза тұтуы тиіс адам түнде ниет етпеген жағдайда, күндіз ниет етуінің дұрыс екендігіне дәлел бар», – деген.

Сол себепті таң атқаннан кейін оразаны бұзатын әрекеттер жасалмаса, күн ауғанға дейін (зуһал уақытына дейін) оразаға ниет етуге болады.

Қорытындылай келе, Рамазан айында сәресіне ұйықтап қалған адам оянғаннан кейін ешнәрсе жемей, ішпей, сол күннің оразасын жалғастыруға міндетті.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату