Қазақстаннан соғысқа түйелер де қатысқан. Ұлы Отан соғысының Ұлы Жеңіспен аяқталғанына биыл тура 80 жыл толады. Иә, тыныштықтың туы тігілген осынау ұлы күнге ғасырға жуық уақыт өтті. Бірақ, батырлық пен батылдықтың үлкен үлгісін паш еткен ерлер есімі ел есінен өшпек емес. Ал, жау жағадан, бөрі етектен алған сын сәтте сол ерлермен бірге қас жауға қасқайып қарсы тұрған төртаяқты жануар – түйелер туралы естідіңіз бе?
ТҮЙЕЛЕРГЕ – ЕСКЕРТКІШ!
Иә, солай, сұм соғысқа адамдармен бірге барған жануарлар да Жеңіске үлес қосты. Тіпті, керек десеңіз, оларға тастан емес, қоладан ескерткіш те құйылды. Біз бұл туралы көзі тірісінде белгілі өлкетанушы, Қазақстан Республикасының Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Өтепберген Әлімгереевтен білген едік.
– Ана бір жылдары теледидардан «Босату. Берлин үшін шайқас» деген фильмді қарап отырдық. Бір сәт зеңбірек сүйреп келе жатқан екі түйені көрген кинокейіпкерінің бірі «Мынау қайдағы түйелер?» деп таңданады. Екіншісі «Басқұншақтан ғой» деп жай ғана жауап береді. Сонда сұрапыл соғысқа да сахараның сұлу кемелері қатысқан ба?
Осылайша, «Сол Ресейдегі Басқұншақта аталған ауылдан (қазірде қала) Берлинге дейін Жеңіс жүгін сүйреп барған Мишка, Машка есімді екі түйеге ескерткіш қойылады екен» деген жаяу хабар бізге де жетті. Міне, ғажап! «Қазақтың қос өркешті жануарына да мынадай құрмет көрсетіледі екен ғой» деген риясыз риза көңіл кәдімгідей кеудемізді кернеді, - деген-ді ақсақал.
ЖЕҢІСКЕ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?
Расымен де, ғажап емес пе? Демек, арада 79 жыл өтсе де, бізге Ұлы Жеңістің қалай жеткені жөнінде әлі де ашылмаған ақиқат сыр көп деген сөз ғой. Ал, Өтепберген ағаның әңгімесі одан әрі қыза түсті. Сонымен, әлгі түйелер Жеңісті қалай жақындата алды? Батырдың бәрі бірігіп жеңген жауға төрт түліктің бірі қалай төтеп берді? Бізді, әрине, осы жағы қызықтырады ғой. Сөйтсек, әңгіменің төркіні әріде жатыр екен...
– 1942 жылдың жазында Дон мен Кубань, Қалмақ даласын басып алған немістер екпіндеп, ендігі кезек Астрахань мен Сталинград деп ентеледі, - дейді ғалым өз естелігінде. – Негізгі күш соңғы қалаға бағытталды. Міне, осы кезде Астраханда 28-қосалқы армия жасақталып, оның 902-атқыштар полкының, 248-дивизиясы, 9-корпусы жергілікті және Нева жағалауынан эвакуацияланған жастар, сондай-ақ, Каспий теңізі моряктарынан жасақталды. Бірақ, соғыс қаруы тым аз, автокөлік, басқа да техникалар жоқтың қасы. Жүк таситын аттар да жоқ. Амалсыздан артиллериялар мен зеңбіректер, соғыс құралдары, азық-түлік пен медициналық заттарды тасуға түйелерді пайдалануға тура келді. Ол үшін жергілікті тұрғындардың қорадағысы былай тұрсын, өрістегі еркін жайылған өркештілерді жинады.
Ол аздық етіп, КСРО Қорғаныс Комитетінің Бұйрығымен Қазақстаннан, соның ішінде көршілес Атырау облысынан, Қалмақ даласынан, Түркімениядан әкелінді және олар ауыр жүктер тасуға арналған белді атандар мен буралар, 5-10 жастық ірі інгендер болатын. Өкінішке орай сол түйелердің біразы бұрын ұстап-тұтылмаған асау түйелер еді. Осы олқылықтардың орнын толтыруға жергілікті малмен ісі бар қазақ жігіттерін тартты. Сөйтіп, 1942 жылдың 3 қыркүйегінде жан-жақтан жиналған 350 түйе сол Төменгі Басқұншақтан соғыс жүріп жатқан майдан даласына аттанды. Бір қарағанда бұл түп төркіні негізінен қазақ даласынан түлеген Ойсылқара тұқымына үлкен сын еді.
Иә, темір техника тұрғанда түйені ұрысқа пайдалану таңқалдырар жағдай. Оның үстіне, өмірінде түйе көрмеген еуропалық жігіттердің жануарды тізгіндегені тіпті қызық. Осы және басқа да себептермен түйелердің кейбірі аштан, шөлден де өлген. Алғашында қару-жарақ, соғыс техникасымен мұздай қаруланған жау солдаттары қаптаған қалың түйелі кеңес армиясына кезіккенде адамдармен ісі жоқ, құлағы қалақайып, зәре-құты қашқан «орыс танкілерін» (немістер түйелерді солай атаған) құрту үшін жұмыстанған екен.
ТАНКІ ОРНЫНА ТҮЙЕ ТІЗГІНДЕГЕН...
Қалай болғанда да, қосарлап жеккенде үш-төрт белді ат тартатын немесе автокөліктер көтеретін 1,5-2 тонналық ауыр жүктерді қиналмай сүйреп, 5-6 күн сусыз, жолсыз даламен тарта беретін қазақы жануарлар аз уақытта кеңес жауынгерлерінің сенімді серіктеріне айнала білді. Осының өзінен-ақ біраз өнеге алуға болады.
– 1943 жылдың 3 ақпанында Сталинград қаласы жау қолынан азат етілді. Немістер қарсыласа жүріп, кейін шегінді. Дала кемелері бар астрахандық сарбаздар Ростов қаласын да жау қолынан босатты. Сальск құмын басып, Маныч өзенінен өту оңай болған жоқ. Көп жануарлар осы аймақта қалды. Түйенің жүк көлігі есебінбегі орнын бағалай білген әскербасылар оларды бұдан былай астрахандық қосалқы полк құрамы емес, басқа да әскери құрылымдарға бөліп, тарата бастады.
Осылайша, түйелер Ресей асып, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, ұзын саны үш мың шақырымдық жолды жалпақ табандарымен басып, 1945 жылдың 30 сәуіріндегі бозала таң-да Фашистік Германияның астанасы Берлинге жетті, сүйреп келе жатқан ауыр артиллериядан Рейхстагқа оқ атылды. Оның биік күмбезіне кеңестік Жеңіс туын қадауға біртабан жақындады. Міне, осындай абыройлы міндетті атқарған Басқұншақта жасақталған полк құрамындағы аға сержант Григорий Нестеров пен делбеші Кармалюк иелігіндегі Мишка және Машка есімді қос өркештілер еді. Бұлардан басқа Калмыкияның Яшкул ауылынан алынған осы полктің 6-ротасынан Яшка есімді он жасар атаны да Ұлы Жеңісті Берлиннен қарсы алады, - деген еді Өтепберген Әлімгерейұлы бізбен әңгімесінде.
ТҮЙІН
Рас, Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Оған жету үшін қаншама адамның қаны мен жасы төгілді... Сол қиындықтың бірін де көрмеген бүгінгі ұрпақ үшін бұл – тағылымы мол тарихи сабақ болып қалмақ. Сонымен бірге, соғысқа адамдармен бірге көлік, әрі қатынас құралы ретінде жылқы мен түйе малы да қатысқанын біліп жүргеніміз жөн-ақ.