Халық қалаулысының айтуынша, Эйр Астана әуе кемелері алғашында Кариб аймағында (әсіресе Арубада) тіркелген, ал кейіннен барлық ұшақтар Ирландияда тіркелген. Бұл – Азаматтық авиация туралы конвенцияның 17-бабына сәйкес, әуе кемелері қай мемлекетте тіркелсе, сол елдің азаматтығында болады деген талапқа сай. Осылайша, Эйр Астананың қазіргі 50 ұшағы да Ирландияға тіркелгендіктен, компания іс жүзінде қазақстандық емес, ирландиялық авиакомпания саналады.
«Біз бюджеттен шетелдік, дәлірек айтқанда ирландиялық компанияға субсидия бөліп отырмыз. Конвенцияның 18-бабы қосарлы тіркеуге тыйым салады. Ал Кейптаун конвенциясының 20-бабына сәйкес, әуе кемесін бір мемлекетте немесе өзге мемлекетте тіркеу – екінші тараптың келісімі арқылы жүзеге асады. Сонда біздің Үкіметіміз Эйр Астана ұшақтарының Ирландияда тіркелуіне рұқсат берген бе? 2012 жылы тиісті келісімді ратификациялау арқылы осыған жол ашылған», – деді депутат.
Бақытжан Базарбек атап өткендей, Қазақстан Үкіметі 2012 жылы қабылдаған шешімнен кейін Эйр Астана өз паркін толығымен Ирландияда тіркеуге заңды мүмкіншілік алды. Енді компания іс жүзінде ирландиялық болғандықтан, оны «ұлттық авиакомпания» деп атаудың өзі даулы мәселе.
«Сонда біз не үшін шетелдік компанияны ұлттық тасымалдаушы ретінде танып, миллиардтаған қаражат бөлеміз? Жауабы қарапайым: Ирландия – авиациялық лизинг индустриясының халықаралық орталығы. Онда лизингтік авиакомпаниялар үшін арнайы лицензиялау талап етілмейді әрі корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі небәрі 1,25%. Бұл, әрине, қаржылық тұрғыдан тиімді. Бірақ ең үлкен тәуекел – егер дағдарыс немесе төтенше жағдай бола қалса, ұшақтар Ирландияда қалып қояды. Бұл біздің мүлігіміздің шетелде қалуы деген сөз», – деді мәжілісмен.
Оның айтуынша, 2012 жылғы келісімді ратификациялау арқылы Қазақстан Эйр Астананың барлық ұшағының Ирландияда тіркелуіне келісімін берген. Нәтижесінде компания – заң жүзінде ирландиялық, ал біз сол компанияға әлі де орасан зор қаржы құюды жалғастырып келеміз.
«Бұл – ұлттық мүдде мәселесі. Англиядағы Өкілдер палатасында мұндай сұрақтар әлдеқайда қатал қойылады. Ал біз ұлттық парламентпіз, сондықтан халықты, ұлттық мүддені құрметтеуіміз керек. Халық Эйр Астана қызметінен зардап шекті», – деп түйіндеді сөзін депутат Базарбек Бақытжан Жұмабекұлы.
Депутаттың сөзіне қатысты ресми түсініктемені әзірге Эйр Астана өкілдері бермеді.