Аманжол көшесінде жол жабыны бұған дейін мердігер ұйым «Спецстрой Групп ЛТД» ЖШС инженерлік желілерді жүргізуді аяқтаған аумақта опырылып кеткен. Асфальтты қалпына келтіру жоспарланған газ құбыры жұмыстарына байланысты кейінге қалдырылған еді. Алайда нөсер суы мен борпылдақ топырақ жолдың бүлінуіне әкелді. Алмасхан Сматлаев мерзімді кейінге шегеру тұрғындарға қосымша қауіп тудырғанын айтып, мердігер ұйымдарды сынға алды.
Яссауи мен Дастан көшелерінің қиылысқан тұсында шамамен 100 шаршы метр аумақта жол опырылып кеткен. Мұнда бұған дейін «Спецкоммунстрой» компаниясы кәріз жүйесін орнатқан болатын. Алдын ала болжам бойынша, траншеяларды су шайып, топырақ дұрыс нығыздалмағандықтан осындай апат болған. Әкімнің орынбасары құрылыс нормаларына сілтеме жасағанмен, бұл мердігердің сапа үшін жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті.
«Сіздерге төрт күн беремін. Екі ауысымда жұмыс істеп, жолды қалпына келтіріңіздер. Енді Алматыда жаңбырдан кейін мұндай жағдай қайталанбауға тиіс», – деді Алмасхан Сматлаев.
Айта кетелік, қазір екі көшеде де жұмыс қызу жүріп жатыр. Жұмысшылар мен техника жұмылдырылған, ал жолды қалпына келтіру барысын әкімдік жіті бақылауға алған.