Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
6 желтоқсан, 2024 / Перизат Ілес / Жаңалықтар

“210 мың дана өнім”: Жетісу облысында өнеркәсіптік батареялар шығаратын зауыт ашылды

Бүгін Жетісу облысының Талдықорған қаласында толық циклді өнеркәсіптік батареялар шығаратын еліміздегі алғашқы кәсіпорын ашылды. Өнімнің 40%-ы  отандық нарыққа, 60%-ы  экспортқа бағытталған. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

“210 мың дана өнім”: Жетісу облысында өнеркәсіптік батареялар шығаратын зауыт ашылды
Фото: gov.kz

Зауыт директоры Серікбай Ажмағамбетовтің айтуынша, жобаның құны – 8,5 млрд. теңге. Зауыт жылына 210 мың дана өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс толық қуатына шыққанда, жұмыс орындарының саны 180-нен асып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте зауыт өнімінің бір бөлігі экспортқа жөнелтіліп, бір бөлігі жергілікті нарыққа шығарылады.

- Осы жобаны 2021 жылдан қолға ала бастадық. Содан бері бізге қолдау көрсетіп келе жатқан азаматтардың бәріне алғысымды білдіремін. Біздің ұжымымыз жас, енді қалыптасу үстінде, қажетті кадрларды қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандарымыздың көпшілігінің осы салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Ал жас мамандарды процесс барысында оқытып, үйрететін боламыз. Өнімдерімізге сұраныс бар, бұл ретте іргелі компаниялармен келісімдер жасалуда, - деді С. Ажмағамбетов. 


Атап өтсек, Жетісу облысының өнеркәсіп өндірісінде 549 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 14-і ірі, 13-і орта кәсіпорын, онда 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. 2024 жылдың 10 айында 3,9% өсіммен 278,8 млрд. теңге өнеркәсіптік өнім өндірілді.