Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
7 қараша, 2024 / Аман ШАМАР / Сараптама

Әлемде баламасы жоқ зауыт Қазақстаннан салынбақшы

Құрылыс кезеңі 2025-2029 жылдарды қамтиды деп жоспарланып отыр.

Әлемде баламасы жоқ зауыт Қазақстаннан салынбақшы
Фото: ашық дереккөз

Елімізде өндірісі өркендеген өңірлердің бірі – Атырау. Бірақ, өндіріс дегенде тек «қара алтынды» ғана айтып отырмыз. Ал, сол шикізатты шетелге шығармай, одан дайын өнім жасап елде қалдыру жағы әлі де арманға айналып отырған жайы бар. Қысқасы, арзан бағамен шетел асқан шикізатымыз дайын өнімге айналған соң, қымбат бағамен өзімізге қайта сатылуда. Бұл мәселе билікті де, бұқараны да көптен бері толғандырып келеді. Десек те, жуырда бір жылт еткен жағымды жаңалықтың ұшы құлағымызға тигені бар-ды, - деп хабарлайды newsroom.kz

Айтқымыз келіп отырғаны, екі айдан кейін есігімізді қағатын жаңа 2025 жылы аймақта Газды сепарациялау (бөлу) қондырғысының құрылысы жүзеге аспақшы. Бұл не деген сөз? Яғни, халық көптен күткен полиэтилен зауытын шикізатпен қамту үшін Теңіз кен орнының құрғақ газынан этан алынатын болады. Сол кезде тұрмыстық техника мен басқа да барлық қажеттілікті алыстан арбаламай, өзіміз өндіретін боламыз.

Ойлап көріңізші, құбырлар, ыдыстар (канистр, цистерна, үлкен шыны), талшықтар, құрылыс материалдары, санитарлық-техникалық бұйымдар, ішкі органдардың протездері, үй тұрмысындағы заттар, электр кабельдерін оқшаулау, автомашиналар мен әртүрлі техника бөлшектері – бұның бәрі болашақта бізден шығатын болады. Расымен де солай бола ма, әлде бұл да ертең «қиял-ғажайып ертегіге» ұласып кете ме, біз мұны аталған жобаға жауапты «KMG PetroChem» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобаларды жүзеге асыру бойынша басқарма төрағасының орынбасары Жомарт Жасановтан сұраған едік. Ендеше, назарларыңызға эксклюзивті сұхбатымызды ұсынамыз...

Жомарт Манайұлы, алдымен өңірде келесі жылдан бастап жүзеге аса бастайтын баламасыз бірегей жоба жөнінде қысқаша түсінік берсеңіз.

– Газды бөлу қондырғысын салу, бұл «Алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін салу» жобасының екінші фазасы болып табылады. Жобаны жүзеге асыру – біздің мекеменің мойнында. «KMG PetroChem» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының 100% еншілес ұйымы болып саналады. Жаңа кешен «Теңізшевройл» компаниясының өндіріс аумағына жақын маңнан бой көтермек. Биыл жобалық-сметалық құжаттамадағы соңғы түзетулерді аяқтап үлгеруіміз керек. Әзірге қысқа мерзімде жоғары сапалы зауыт салып бере алатындай бас мердігер анықтала қойған жоқ. Тиісті тендер жарияланды.  

Бұл ретте, жобаны дайындау, жабдықтарды сатып алу мен қондыру және пайдалануға берумен бір мердігер ғана айналысатын болады. Нысан өте күрделі болғандықтан оның құрылысын тек жоғары тәжірибелі халықаралық мердігер ғана жүргізе алады. Құрылыс кезеңі 2025-2029 жылдарды қамтиды деп жоспарланып отыр. Бұл кезде шамамен 2 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Ал, зауыт іске қосылған соң, 400 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Айтпақшы, бас кеңсеміз осы Атырауда орналасатын болады.

Білуімізше, «KMG PetroChem» компаниясы тікелей Президент тапсырмасымен елімізде мұнай-газ химиясын дамыту үшін құрылған, солай ма?

– Өте дұрыс айттыңыз. Өзіңіз де білесіз, қазір оңай қабаттан мұнай алудың дәуірі өтті. «Қара алтын» қабаты тереңдеген сайын, оны жер бетіне шығаруға деген сұраныстың да күрт төмендейтіні айтпаса да түсінікті жайт қой. Сондықтан қазір әлем елдері мұнай өндірісінен гөрі одан өнім жасап шығаруға бет бұруда. Себебі, бұл экономикалық жағынан анағұрлым тиімді болып отыр. Осыдан келіп, бізде де мұнай химиясын дамытуға қажеттілік туындауда. Бұл саланың болашағы зор, берері мол екенін мүйізі қарағайдай ғалымдарымыз айтудан кенде емес. Міне, осы міндеттің орындалу барысын бақылау және одан әрі үйлестіру біздің мекемеге жүктелген болатын.  

«Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн. Үкіметке Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырамын. Бұл – басты міндет. Осы саланы табысты дамыту үшін инвестицияның қайтарымын қамтамасыз ететін пәрменді ынталандыру шараларын қысқа мерзімде қабылдау, соның ішінде ақылға сыйымды тарифтер мен көтерме бағаларды белгілеу керек. Газ кеніштеріне геологиялық барлау жасау үшін жаңа инвестиция тарту тұрғысынан алғанда бұл шаралар өте маңызды. Әйтпесе, экономиканы қажетті көлемде газбен қамтамасыз ету мүмкін емес» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылы еліміздің батыс өңірлерінен мұнай-газ химиясы кешендерін салуды және қайта өңдеу саласын дамытуға инвестиция тартуды тапсырған еді. Ал, бір жылдан соң «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы бекітілді. Оған Атыраудағы полиэтилен зауыты мен біз әңгімелеп отырған Газды сепарациялау кешені де кіреді. Міне, алдағы уақытта біз осының бәрін жүзеге асырумен айналысатын боламыз.

Жалпы, мұнай-газ химиясының басты артықшылығы неде?

– Бұл – ел экономикасын әртараптандырудың ең маңызды факторы. Бүгінде біздің елімізде шикізат төмен бағамен сыртқа саудалануда. Ол дайын өнім болып өзімізге кері келеді. Бірақ, құны – қымбат. Ал, егер сол өңдеу мәселесімен өзіміз айналысатын болсақ, онда шикізат та, одан шығатын өнім де және осыны іске асыратын жұмыс орындары да, миллиардтаған салық та бізде қалатын еді. Ал, әлемде қалай? Әлемдік нарықта мұнай-газды шикізат ретінде саттыққа шығарудан гөрі оны терең өңдеп, полимер мен дайын өнім жасап сату тиімдірек. Сенесіз бе, бұл бастапқы шикізат құнын 20 есеге көбейтеді! Мысалы, біз былтыр шетелге 1,7 милилард долларға газ сатқан екенбіз. Бірақ, пластик өнімдерін 2 млрд долларға сатып алыппыз. Демек, осындай дайын өнімдерге ел ішінде сұраныс жоғары деген сөз. Бірақ, оны өтейтін өзімізде мүмкіндік болмай тұр...

«Мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет. Біз полипропилен және полиэтилен шығаратын ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыра бастадық. Бутадиен, карбамид, терефтал қышқылын өндіруге арналған басқа да болашағы зор жобалар қолға алынып жатыр. «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Былтыр бірқатар газ кеніші игеріле бастады. Сондай-ақ жылына жалпы көлемі бір миллиард текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Әзірге бұл жобалар толық іске қосылған жоқ. Сондықтан газды ішкі нарыққа тиімді бөлу қажет» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында. Олай болса, өндірістен өңдеуге көшетін уақыт келді.

  Әдетте мұнай-газ шикізатынан полимер түйіршіктері өндірілетінін білеміз. Ал, көмірсутек полимерге қалай айналады?

– Қазақстан көмірсутектің мол қорымен мақтанатыны белгілі. Атақты Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындары бүгінде әлемге әйгілі. Мұнда мұнаймен бірге ілеспе газ да алынады. Оның құрамында этан, пропан және бутан секілді құнды фракциялар бар. Айталық, Теңізден шығатын газдың құрамында 14 пайыз этан кездеседі. Қашағанда бұл көрсеткіш 10 пайызды құрайды. Бұл – өте жоғары көрсеткіштер. Ал, өзге елдерде этан 5 пайыздан асса болды, бірден өндіріс орнын ашуға негіздеме беріледі.

Газ бөлу кешені неліктен Теңіз кенішіне жақын орналасқан?

– Себебі, мұнда жылына 9,1 миллиард текше метр құрғақ газ өндіріліп, «ҚазақГаз» жүйесімен халық пайдасына беріліп отыр. Осы газды терең өңдеп, одан 1,6 миллион тонна этан алатын боламыз. Сол этан одан әрі шикізат ретінде 1 млн 250 мың тонна полиэтилен шығаруға негіз болады. Ал, басқа елдер үшін миллион тонна этан алу үшін құрғақ газ бес еселенген көлемде қажет болады. Мысалы, Оңтүстік Кореяда мұнай-газ саласы әлдеқашан дамып кеткен. Соған қарамастан әлі де шикізатты импорттау арқылы дайын өнімді экспорттайды. Соның арқасында экономикасын әртараптандырып, тұрақты дамуға қол жеткізіп отыр. Ендеше, біз де мол көмірсутек қорын терең өңдеп, дайын өнімдер жасап шығаруымыз қажет. Бұл – уақыт күттірмейтін іс.

Бүгінде Атырауда полипропилен өндіру зауыты жұмыс жасап тұр. Полиэтилен зауытының құрылысы да басталуда. Бұған енді Газ сепарациялау кешені қосылады. Бұның бәрі экологияға кері әсер етпей ме?

– Бұл – экологиялық және өндірістік қауіпсіздік жағынан терең зерттеліп, жоғары технологиялық талаппен жасалған өте сапалы және ұзақмерзімді жоба. Ол бір сәтте жасақталып шыға келген жоқ, бірнеше кезеңдерді қамтыды. Оған Жапония, Шотландия секілді мемлекеттер де атсалысты. Біз о баста жобаның экологиялық әсеріне бағалау жүргізген болатынбыз. Сонда зауыт құрылысының қоршаған ортаға зияны жоқ екеніне көз жеткіздік. Экожүйеге де кері әсері болмайтынын анықтадық. Тіпті, өндірістік нысан іске қосылған соң да табиғатқа ешқандай кесірі тимейді. Сондай-ақ, этан алуға қажетті майды қыздыру үшін пеш емес, турбина қызуын пайдалану көзделіп отыр. Себебі, пеш қосатын болсақ, газ жағуға тура келеді. Оның соңы қою қара түтінге әкеледі ғой. Біз олай ауаны бүлдіргіміз келмейді. Қалай болғанда да, экологияға зиян келмес үшін соңғы үлгідегі жаңа технологияларды қолданатын боламыз. Сонымен қатар, жаңа кешен Теңіздегі өндіріске де еш кедергі келтірмейді.

Газ сепарациялау кешені Теңіз кенішінің маңынан салынады дейік. Бірақ, оның өнімін қабылдап алатын полипропилен мен полиэтилен зауыттары Қарабатанның арнайы экономикалық аймағында орналасқан ғой. Сонда, шикізат қалай тасымалданады?

– Өндірілген өнім зауыттарға магистралды құбыр арқылы жеткізілетін болады. Осы орайда, этан газына арналған құбыр салуды жоспарлап отырмыз. Қазір полипропилен зауытына қажетті шикізат Теңізден теміржол арқылы тасымалданып жатыр. Ертең Газ бөлу кешені іске қосылған соң, магистралды құбыр арқылы полиэтлен зауытына 990 мың тонна пропан экспортталатын болады.    

Тығыз жұмыс кестесінен арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз.

Сұхбаттасқан: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ