Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
18 қазан, 2024 / Аман ШАМАР / Қаржы

Асабадан агрономға айналды

"Жергілікті ауыл шаруашылығына өз үлесімді қосайын деп шештім".

Асабадан агрономға айналды
Фото: пресс-служба

Бұрын асаба болып той-томалақта топ жарып жүрген алматылық Азамат Жоламан бір-ақ күнде кәсібін өзгертті. Нақтырақ айтсақ, қолындағы микрофонын сегіз өрме қамшыға алмастырған ол бүгінде жылқы өсіріп, мал шаруашылығын дөңгелетіп жүрген жайы бар. Бұлай жасауына түрткі болған салмақты себеп те жоқ емес...

Өзінің айтуына қарағанда, кезінде еліміз бойынша енгізілген карантиндік шаралар көп адамның кәсіп ауыстыруына себепші болыпты.

– Мойындаймын, кезіндегі карантин талаптарын сақтау барысында кәсіпкерлердің жолында кішігірім кедергілер орын алғаны рас. Бірақ, соған бола бастаған ісіңнен бас тартуға да болмайды. Сондықтан мен де асаба мамандығынан біржола бас тартып жатқаным жоқ. Тек бар болғаны «той жоқ екен» деп қол қусырып жүргім келмеді. Сондықтан қазіргі қиын кезде той тойлай алмасақ та, төрт түлік түлетіп, жергілікті ауыл шаруашылығына өз үлесімді қосайын деп шештім. Бұл үшін еш өкінбеймін, - дейді Азамат.

Расымен де, «мемлекет маған не берер екен?» деп аспанға алақан жайғанша екі қолға бір күрек тапқан жөн емес пе?! Есесіне, кешегі тамадамыз бүгінде зор сұранысқа ие кәсібінің мол нәсібін көріп отыр. Ал, «бір күнде бизнес бастап кету мүмкін емес, оның үстіне, мал бағу бәріне бірдей біте беретін кәсіп емес» дейтіндердің құлағына алтын сырға! Небәрі отыз жастағы кейіпкеріміз – «Еңбек» бағдарламасына қатысып бақ сынаған жандардың бірі. Осылайша, ол мемлекет ұсынған мол мүмкіндікті мүлт жібермей, аналық он жылқы сатып алғанын айтады. Шүкір, қазір жас кәсіпкер таудай талабы мен тынымсыз тірлігінің тәтті жемісін татып отыр.