Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
29 мамыр, 2025 / Аман ШАМАР / Сараптама

«Өрле» жобасы: Мақатта да қияр өсіруге болады

Бұл жобаға қоғамның осал тобына жататын 18 жастан жоғары кез келген ер мен әйел қатысуға мүмкіндік алған, - деп хабарлайды newsroom.kz

«Өрле» жобасы: Мақатта да қияр өсіруге болады
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Атырау облысындағы ауыл шаруашылығына қолайсыз өңір саналатын Мақат ауданында Жалғас Аманбаев құлпынай өсіріп, жылыжай жайқалтып отыр! Мұндай мүмкіндікке ол жақында ғана өз мәресіне жеткен «Өрле» жобасы арқылы ие болғанын айтады.

Осылайша, жас кәсіпкер жұрт «егін шықпайды» деп келген жерде де жылыжай өсіріп, табыс табуға болатынын дәлелдеп отыр. Рас, Мақат – өндіріс өркендеген өңір. Мұндағылардың дені – мұнайшы немесе теміржолшы. Ендеше, Жалғас та теміржол саласында еңбек етеді. Ал, демалыс күндері құлпынай өсіріп-баптайды. Оның бұл кәсібіне басында сенім арта қоймаған достары қазір тұрақты тапсырыс берушілерге айналды.

«Өзім осы ауданда туып-өскендіктен, туған жерді түлетуге өз үлесімді қосқым келді. Сөйтіп, құлпынай өсіруді қолға алдым. Бұл жемісті менің қызым өте қатты жақсы көреді. Сондықтан, оны сырттан сатып алғанша, неліктен өзім өсірмеске деген ой келді. Әзірге бір ғана жылыжайым бар. Алдағы уақытта тағы да екеуін салуды жоспарлап отырмын. Осылайша, өз ауданымнан томат өндіргім келеді» дейді ол.

«Өрле» жобасы Мақат және Махамбет ауданының тұрғындарына қалай жылыжай ашып, көкөніс пен бау-бақша өнімдерін өсіруге болатынын оқып-үйретті. Солардың ішінде бүгінгі кейіпкеріміз Жалғас та бар. Ол бұл жобаға «жетім балалар» санатында қатысқан. Алайда, өзі бұл санатқа сүйеніп қалмай, адам өз бетімен және өз күшімен еңбектенуі керек екенін айтады.

– Мен «Отын ресурстары орталығында» жұмыс жасаймын. Былайша айтқанда, тепловоз локомотивтеріне отын құямын. Маған жоба ұйымдастырушылары алғаш хабарласқан кезде Мақат ауданы егін шаруашылығына қолайсыз жер болса да, бағымды сынап көруге ұсыныс жасаған еді. Ал, мен болсам, біздің ауылда «ештеңе өспейді» деген теріс түсінікті жоққа шығарғым келді. Өйткені, тынымсыз еңбек етуге ниеті мен білімі бар адам кез келген мақсатқа қол жеткізе алады. Тек көп оқып, көп үйреніп, көп тәжірибе жинау керек, - дейді Жалғас.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жобаға қоғамның осал тобына жататын 18 жастан жоғары кез келген ер мен әйел қатысуға мүмкіндік алған. Олар – көпбалалы отбасылар, жалғызбасты ата-аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек бала өсіруші ата-аналар, жетім балалар, репатрианттар және табысы ең аз азаматтар.

«Аталған жоба Атырауда алғаш рет 2022 жылы жүзеге аса бастады, - дейді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Азат Қапанов. – Жоба Махамбет ауданында бастау алып, кейін оған Мақат ауданы қосылды. Қатысушы үміткерлер қарасы қалың болды. Олардың бәрі жобаның қорытынды шарасында бас қосып, өздері өсірген өнімдерді көрмеге алып келді. Жергілікті өнімдердің тіл үйірер дәмін көрмеге келгендердің бәрі татып үлгерді.  Осының бәрін көре отырып, «Өрле» жобасының қаншалықты тиімді және көмегі көп екенін түсініп отырмыз.  

Жалпы, Атыраудың негізгі саласы агросектор емес, бұл мұнайлы мекен екені баршаға белгілі. Бірақ, облыс орталығында, Махамбет, Индер және Жылыой аудандарында ашық жер бетінде егін өсіруге әбден болады. Құрманғазы ауданы да қолайлы, бірақ ол Ресеймен шектесетіндіктен, шыққан өнімнің бәсекеге қабілетті болуы екіталай. Ал, жобаның өзіне келсек, «Шелл Қазақстанның» қолдауымен Еуразия Орталық Азия Қорынан грант алғандарға бастан-аяқ сарапшы мамандардың, соның ішінде агрономдардың тікелей көмектесіп отыруы – біздің басқарма үшін ең маңызды аспект болды».

Жалпы алғанда, Махамбет пен Мақат аудандарынан 22 тұрғын өз кәсібін жүргізу үшін 2022-2024 жылдар аралығында «Өрле» жобасының шеңберінде 47 миллион теңгеден астам қаражатқа ие болды. Бұл жергілікті фермерлерге өз табысын 27 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, аталған аудандардан үш қатысушы «Өрле. Махамбет жылыжайлары» ауылшаруашылық кооперативін құрып алды. Бірінші жыл көкөніс өсірушілер жазғы маусымда жұмыс жасап, өз өнімдерін ірі сауда орындарында ұсынғанды жөн көрді.

«Өрле» жобасының тағы бір түлегі – осы аудандағы Доссор кентінің 45 жастағы тұрғыны, көпбалалы ана Гүлфара Шайхмединова. Бүгінде ол отбасымен бірге жылыжайда қияр өсіріп жатыр.

– Мен – жеті баланың анасымын. Құдайға шүкір, «Алтын алқа» иегерімін. Жоғары білім алдым, бірақ бала күтіміне байланысты жұмыста жоқпын. 2023 жылы біздің ауылға «Шелл Қазақстан» компаниясының өкілдері келіп, біздерге қалай бизнес бастап, жылыжай шаруашылығын дамытуға болатынын үйретті. Оған қоса, қомақты қаражатқа да ие болдым. Соның арқасында ертеңгі күнге деген нық сенім пайда болды. Балаларымның болашағына да алаңдамайтын болдым. Жұбайымның да осы егін шаруашылығына қызығушылығы зор. Өз білгенімді балаларыма да үйретіп қоямын. Бүкіл отбасымыз болып осы кәсіппен айналысып жатырмыз.

Жылыжайдың бір артықшылығы, қыста суық, жазды ыстық деп қарап отырмайсың, жылдың кез келген маусымында қалаған көкөнісіңді өсіріп, өнім ала аласың. Былтыр осы кәсібімнен біраз табыс таптым. Қияр өсірудің қиындығы да жетеді. Олар бала сияқты ғой, ерекше күтімді керек етеді. Ауырып қалса, емдеу қажет. Ең бастысы, бірқалыпты ауа температурасын қамтамасыз етіп отыру керек. Жылыжайды тастап алысқа ұзап кете алмаймыз. Алдағы уақытта да қол қусырып қарап отырмай, кәсібімді кеңейткім келеді. Осы орайда, маған көп көмек көрсеткен «Шелл Қазақстан» компаниясына зор алғысымды айтқым келеді. Бұл компания арқылы мен тіпті қазақтың ұлттық өнері – киіз басуды да үйреніп алдым. Осылай мемлекетіміздің келешегіне, еліміздің ертеңіне қызмет етіп жүрген компания басшылығы мен барлық қызметкеріне зор табыс пен мол жасқылық  тілеймін, - дейді Гүлфара Жұмажанқызы.

Ендеше, іске сәт, «Өрленің» өр түлектері!

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату