Ауызсу туралы сөз еткенде, қауіпсіздік мәселесі де туындайды.
Ең алдымен, ауызсу эпидемиялық және радиациялық тұрғыдан қауіпсіз, химиялық құрамы зиянсыз және қолайлы органолептикалық қасиеттерге ие болуы керек. Ауыз судың сапасы тарату желісіне түсер алдында, сондай-ақ, сыртқы және ішкі су құбыры желілерінің су бөлу нүктелерінде гигиеналық нормативтерге сәйкес болуы қажет.
Ауызсу химиялық құрамы бойынша да зиянсыз болуы тиіс. Осы орайда, табиғи суларда жиі кездесетін зиянды химиялық және дүние жүзінде кең таралған антропогендік текті заттардың, сумен жабдықтау жүйесінде өңдеу процесінде суға түсетін және түзілетін заттардың жалпылама көрсеткіштері, адамның шаруашылық әрекеті нәтижесінде сумен жабдықтау көздеріне түсетін зиянды заттардың мөлшері өте маңызды.
«Ауызсудың эпидемиялық қауіпсіздігі оның микробиологиялық және паразитологиялық көрсеткіштер бойынша нормативтерге сәйкестігімен анықталады. Судың қолайлы органолептикалық қасиеттері оның нормативтерге, судың органолептикалық қасиеттеріне әсер ететін заттар құрамының нормативтеріне сәйкестігімен анықталады. Ауызсуда жай көзге көрінетін су организмдері мен жерүсті қабықшасының болуына жол берілмейді» дейді эпидемиологтар.
Ал, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың алдына қойылған маңызды міндет — жыл соңына дейін халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін арттыру, бұл көрсеткішті ауылдарда 97,8%-ға, қалаларда 99,5%-ға дейін жеткізу. Ол үшін, өңір әкімдіктері жыл соңына дейін барлық объектілерді уақтылы тапсырып қана қоймай, келесі жылдың жобалары бойынша бекітілген жоспарлардың, құжаттаманың болуы мен қаржыландыруды қамтамасыз етуі керек.