Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
15 қыркүйек, 2024 / Аман ШАМАР / Сараптама

Әйел жүрген жерде жауапкершілік те бар

Үш баланың анасы бизнеске бет бұрғанын айтады.

Әйел жүрген жерде жауапкершілік те бар
Фото: baq.kz

Азаматтық қоғамның қозғаушы күші болып табылатын әйел адамның артында үлкен жауапкершілік жүгі жатыр. Осы орайда, біз Түркістанда кәсіпкерлікпен айналысып жүрген әйелдер жөнінде әңгімемізді одан әрі жалғастырамыз... 

Бұрынғы дәрігерден бір күнде бизнесвумен болғандардың бірі – Жансая Қабдолова. Ол Түркістан қаласынан шағын медициналық орталық ашып, бүгінде әлеуметтік кәсіптің нәсібін көріп отыр.

— Он жылдан астам уақыт емханада невропатолог болып қызмет еттім. Бұл саладағы тәжірибем өзім үшін жеткілікті болды деп санаймын. Оған қоса, инемен емдеу әдісін де игеріп алдым, оны қазір де ем барысында қолданамын. Сол кезде алдыма қаралуға келетін адамдардың түгелге жуығы инусльт алғандар болатын. Соңғы үш жылда олардың қатары үш есеге көбейді. Қазір бұл ауру жасарып кетті, яғни, 30-40 жас аралығын қамтиды.

Жүрек талмасына ұшырағандардың көп бөлігі қолдарын қимылдап, аяқтарын баса алмай қалады. Жап-жас жігіттер мен қыздар аяқ астынан мүгедек атанып, жұмысқа қабілетсіз болып шыға келеді. Енді бұдан әрі қалай өмір сүретінін білмей, әбден әбігерге түседі. Сөйтіп, біржола өмірден түңіліп, келешектен күдер үзеді. Қалған отбасы мүшелері де ауруға қалай күтім жасайтынын білмей дал болады. Осылайша, тұтас бір отбасы күйзеледі. Бұдан асқан қандай жан жарасы бар? Осы кезде «оларды қалайда қоғамға қайтару керек» деп шештім. Бұл менің өмірлік басты мақсатыма айналды десе де болады, - деді ол бізге ағынан жарылып.

Осыдан үш жыл бұрын жас дәрігер «Еуразия» қоры арқылы мемлекеттен 2 миллион 600 мың теңге грант алып, арманына қол жеткізеді. Бұл ретте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арнайы жер телімін бөліпті. Бүгінде орталықта көрсетілетін тегін қызмет  арқасында бір айда 20-30 адам өз отбасына оралып отыр. Мұнда реабилитолог, массажист, логопед, психолог және басқа да барлығы 15 маман еңбек етеді. Олар соңғы кезде жүйке ауруларының күрт өскендігін, соған байланысты да емдік шаралардың жүргізіліп отырғанын айтады. Расымен де, қазір біреуге сәл артық сөз айтсаң, қаны басына шапшып шыға келеді. Сондықтан, неврологиялық қызмет аясын кеңейту де – кәсіпкердің алдағы жоспарларының бірі.

Келесі кейіпкеріміз – Ақгүл Ихсанова қос мәрте грант иегері атанып, екі жобаның тұсауын кескен. Үш баланың анасы осыған дейін «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс жасап келгенін, енді бизнеске бет бұрғанын айтады.

– Бала кезден ұстаз болуды армандаған едім. Соған енді ғана қол жеткіздім. Мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болып, жаңа балалар театрын аштым. Онда жиырма шақты тәлімгер мүмкіндігі шектеулі, бірақ өмірге, өнерге деген құлшынысы шексіз жандардың шығармашылығын шыңдап келеді. Мұнда тегін де, ақылы түрде де қызметтер көрсетіледі, - дейді ол.

Айта кетейік, елімізде халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында жұмысшы мамандықтарына сұраныс күннен-күнге артып келеді. Себебі өңірде жаңадан ашылып жатқан кәсіпкерлік нысандары көбейіп, жас мамандарды жұмыспен қамтуда. Қазір өңірдің жастары жоғары оқу орындарын емес, көп сұранысқа ие мамандарды даярлайтын колледждерді таңдауда.

Келес ауданында тұратын жастардың бірі Роза Жәнібек қазір Абай ауылындағы №13 колледжде оқиды. Үшінші курс студенті тігінші мамандығын таңдаған. Киім тігуді, пішуді үйреніп жүрген бойжеткен болашақта осы мамандық арқылы табысты боларына, тіпті тұрмыс құрса да жұмыссыз қалмайтынына сенімді.

Роза Жәнібек, студент: «Бұл кәсіпті басқа мамандықтарға қарағанда үйде отырып та, өзің жеке бизнес ашқан уақытта да көптеген пайдасын табуға болады. Өйткені қазіргі таңда көптеген тапсырыстар көп. Өзім жұмыс жасай аламын, ары қарай дамыта аламын» дейді.

Кәсіптік мамандық бойынша қыздар жағы аспаздық, тігіншілікті таңдаса, жігіттер көлік жөндеу, автоэлектрик немесе дәнекерлеуші мамандықтарын меңгеруде. Мәселен автомеханик мамандығын таңдаған Ерсұлтан Құрал елімізде көлік саны күн санап көбейген сайын оның қызметіне де сұраныс артады дейді».

Ерсұлтан Құрал, студент: «Қазір біз моторды ашып-шашуды үйреніп жатырмыз. Диагностика жасап үйренеміз. Болашақта бұл мамандықпен мен жұмыссыз қаламын деп ойламаймын. Өйткені барлығында машина бар. Көлік жөндеуге тапсырыс бітпейді» дейді.

Оқу орнындағы студенттер негізінен тәжірибелік сабақтарды көбірек өтеді. Арнайы мекемелерге барып, білімін жетілдіреді. Десе де оқу орнында арнайы техникалардың дені ескірген. Сондықтан техникалық базаны жаңарту қажет дейді колледж басшылығы.

Нұржігіт Шынаев, №13 колледж директорының орынбасары: «Бізге кейінгі үлгідегі тігін шеберханасы қажет. Қазір енді күннен-күнге дамып жатыр. Кейбір шеберханаларға барсақ, оюды өзі өрнек салып, оны тігіп беретін аппараттар бар. Барынша жаңа үлгідегі техникалар келсе, тоқтап қалмауымыз керек. Ары қарай жұмыс жасаған жөн» дейді.

Колледжді тәмамдаған жастар шақырту алып, тұрақты жұмысқа тұрып кетеді. Ауыл шаруашылығы техникаларын меңгергендер оқып жүріп еңбек ете береді, -  дейді ұстаздар. Ал келер жылды Президент «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы оқу орнының жұмысына жаңа серпін бергелі тұр.