Бьерн Андресен әлемге әйгілі болғаны итальян режиссері Лукино Висконтидің «Венецияда өлім» фильмінен кейін еді. Кейін ол «Әлемдегі ең сұлу ұл» атты деректі фильмнің басты кейіпкеріне айналды.
Бьерн Андресен 1955 жылы дүниеге келген. Ол экрандағы алғашқы дебютін 1970 жылы режиссер Рой Андерссонның «Махаббат тарихы» атты фильмінде жасады. Келесі жылы Лукино Висконти Томас Манның новелласы бойынша түсірілген «Венецияда өлім» фильмінде Андресенді жас Тадзионың рөліне таңдап алды. Премьерадан кейін актер халықаралық танымалдыққа ие болып, оның сыртқы келбеті қоғам назарын ерекше аударды. Дәл осы кезде Висконти оны «ХХ ғасырдың ең сұлу ұлы» деп атаған болатын.
Актердің қазасы туралы ақпаратты режиссер Кристиан Петри хабарлаған. Ол Кристина Линдстреммен бірге Андресеннің өмірі жайлы деректі фильм түсірген. Фильм авторларының айтуынша, олар бірнеше жыл бойы актердің өмір жолын бақылап келген.
Сұхбаттарының бірінде Андресен кенеттен келген танымалдықтан кейін ауыр депрессия мен алкогольге тәуелділікке тап болғанын айтқан.
1980-жылдары ол Стокгольмдегі театр мектебінде білім алып, би ансамблінде клавиштік аспаптарда ойнаған. Сонымен қатар кино мен теледидарда да рөлдер сомдауды жалғастырды. Оның танымал еңбектері қатарында «Агнес Сесилия – ғажайып оқиға», «Лазермен», және «Джентльмендер мен гангстерлер» фильмдері бар.