Қазір тек Қазақстанды емес, бүкіл жаһанды жалған ақпараттар жайлады десек, артық айтқандығымыз емес. Ресми мәліметтен гөрі алыпқашпа әңгімелерге көбірек сенетін қоғамның тірлігі де таңқалдырады. Осы орайда, жалған ақпарат пен халықтың бұқаралық санасын арбауға қарсы іс-қимыл Түркістан өңірінде өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын жеткізгіміз келеді.
ЕКЕУІ – ЕКІ БӨЛЕК ДҮНИЕ
Расымен де, қазір ғаламтор желісінде желдей ескен жалған ақпараттар жетерлік. Оның ақ-қарасын ажыратып жатқан ешкім жоқ. Себебі, қазір кім көрінген журналист, одан қалса блогер болып жүр. Жә, журналистер заң алдында жауапкершілік арқалайды делік. Ал блогерлер ше? Олардың жариялап жатқан жаңалығы қаншалықты шынайы? Оның үстіне, олардың оқырмандар саны анағұрлым көбірек. Демек, бүгінгі қоғамды, әсіресе, жас ұрпақты осы «жарымжан журналистер» яғни, блогерлер тәрбиелеп жатыр ма?
Біз осы мәселе төңірегінде дәстүрлі журналист мамандар мен медиа-блогерлер не ойлайтынын білмек болған едік.
Республикалық «Айқын» газетінің меншікті тілшісі Баян Жанұзақованың пікірінше, журналист пен блогер – екеуі екі бөлек мамандық иелері деп түсінген жөн. Себебі, әрқайсысының өз оқырманы мен форматы болады.
– Журналист бұл – бұқара мен биліктің арасын жалғап жүрген қастерлі мамандық иесі. Кейінгі кезде блогерлердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуіне байланысты журналистердің қоғамдағы беделі төмендей бастаған секілді. Өйткені, халық екеуін бір маман иесі деп қабылдап жүр. Ал шын мәнінде журналистің «жегені жантақ, арқалағаны алтын» деп бекер айтпаған ғой. Оны блогермен шатастырмаған жөн, - дейді ол.
БӘРІНЕ ТОПЫРАҚ ШАШУҒА БОЛМАЙДЫ...
Екінші мәселе, блогер деп тек әлеуметтік желіде ақпарат жариялайды. Ал соның сілтемесін алып «фейсбук» секілді әлеуметтік желіге және «ватсапп» пен «телеграмм» секілді мессенджерлерге тарататын бұл – smm-мамандар. Осы ретте, сайт журналистері блогер емес екенін еске салғымыз келеді. Олар да толыққанды газет-журнал мен телеарна журналистері секілді заң алдында жауап беретін мамандар. Яғни, блогер тек «инстаграм», «телеграмма» және «фейсбук» секілді әлеуметтік парақшаларда блог жазып жариялайды. Сәйкесінше, олар жүргізетін парақшалардың ресми тіркелуі екіталай. Біреулер заң талаптарына сай жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекетке салығын төлейді. Бірақ көбісі тіркелмей жұмыс жасағанды жөн көреді. Себебі, оларға заң жүзінде әзірге ондай талап қойылмаған.
Осы орайда, жергілікті блогер Асылай Ғайнешованың да бұл тақырыпқа қатысты ойын сұрадық.
– Желіде жалған ақпарат көп, оны мойындаймын. Оны жазып жатқан блогерлер де журналистер секілді халықтың илеуінен өткен жандар деп ойлаймын. Блогер болу да оңай шаруа емес. Сондықтан олардың бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды. Арасында білімділері мен сауаттылары баршылық. Біреуінің қателігіне бола басқаларын қаралай алмаймын. Бірақ бұл жерде олардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру керек деп ойлаймын. Өйткені, олардың артында қалың орман халық тұр. Қарапайым оқырман қай мәліметтің рас, қайсысы өтірік екенін қайдан біледі? Ендеше, халық қалаулылары осы мәселені Үкімет алдында көтеруі керек деп ойлаймын. Айтпақшы, кейбір блогерлер әдейі жалған ақпарат таратады. Яғни, қасақагна қателік жібереді. Бұл – халықтың назарын өзіне аударудың бір тәсілі. Осылайша, парақша қолданушыларының санын көбейтіп алғысы келеді, - дейді ол.
САЛЫҚ ТӨЛЕЙТІН БЛОГЕР
Ал тағы бір блогер Айгерім Қадырова жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін және табысының 3 пайызын салық ретінде мемлекетке аударып отырғанын да айтады.
«Мен он жылдан астам уақыт бойы мектепте ұстаздықпен айналысып келемін. Қазір педагог-сарапшы болып еңбек етіп жүрмін. Сондай-ақ, қосымша блогер болып та қызмет көрсетемін. Менің жұбайым «Бағдат мырза» атымен асаба ретінде жақсы таныс. Алғашында ол мені бейнежазбаға түсіріп, «мынау менің әйелім» деп желіге жариялап жүрді. Сөйтіп, «Бағдат мырзаның жұбайы қандай тамақ дайындайды, бүгін қайда барады?» деп оқырмандар тарапынан қызығушылық туа бастады. Осылай жүргенде қалай мыңдаған адамның парақшама тіркеліп алғанын да байқамай қалдым. Есесіне, олардың бәрі де қазір – менің шынайы оқырмандарым. Олар «бот», яғни, жасанды бағдарлама емес. Сондықтан мен әр жазбамның шынайылығына және ондағы мәліметтердің дұрыстығына қатты мән беремін» дейді Айгерім.
Жалған ақпарат жарға жығады...
Жанна ҚАЙЫРҒАЛИЕВА, жергілікті тұрғын:
– Тек шынайы өмірде ғана емес, ғаламтор желісінде де шынайы болуға тырысу керек. Шынайылық – қазақ халқында қанға сіңген қасиет қой. Қанша уақыт өтсе де, «шындықтың шырқы бұзылмас» деген мақал мәнін жойған жоқ. Кез келген әлеуметтік желіні оралымды ойлардың ортасына айналдыруға болады. Бәрі де өз қолымызда. Айналаңдағы адамдарға құрмет көрсету, оларға қамқор болу, түсінушілікпен қарау сізді тұлға ретінде биіктетпесе, аласартпасы анық.
Халық арасында «аңдымай сөйлеген ауырмай өледі» деген сөз бар. Яғни, ауыздан шыққанға дейін сөз адамға тәуелді болады. Ал, айтылғаннан кейін орындары ауысады. Сайып келгенде, көп жағдай азаматтардың тікелей сана-сезіміне, ой-өрісі мен ар-ұятына байланысты екенін аңғаруға болады. Өйткені, заң шеңберінен тыс атадан балаға аманатталып келе жатқан адамгершілік қағидаттары бар емес пе? Бастауын әріден алатын әдеп сақтау ережелері тағы бар.
Жарқ еткен «жұлдыздар»
...Кеше ғана той үстінде екі езуі құлағына жеткен досымның бүгін аузы бөтелкенің аузындай дөңгеленіп қалыпты. Сөйтсек, сол тойдың тамағына тарпа бас салып жатқан сәті әлеуметтік желіні «жарған» екен. Содан кейін көпшіліктің бетіне қалай қарайтынын білмеген ол осындай мәселені газет бетінде көтеруге ұсыныс білдірді...
Расымен де, сол тойға бәріміз де барамыз және суретке түсіп те, түсіріп те жүрміз. Ал, сыртымыздан «селфилетіп» жүргендерді байқамаймыз. Оның бәрін бірдей бақылап отыру да мүмкін емес қой! Есесіне, келесі күні «инстаграмм» желісінде кімнің «жұлдызы жанғанын» білесіз. Сырт көзге түкке тұрмайтын ұсақ-түйек мәселе болып көрінгенімен, астарында ауыр жауапкершілік жүгі жатыр...
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау ұлттық орталығының басшысы, қоғам белсендісі Руслан Хамзаның айтуынша, бұл жерде ешкімнен кінәрат іздеуге болмайды. Себебі, суретке түсіретіндер кәсіби фотографтар емес, біз бен сіз сияқты қарапайым той қонақтары.
– Сәтсіз суреттердің алдын алу үшін телефонға түсірер алдында өте мұқият болу керек. Сіз түсіргіңіз келетін адамның айналасында немесе артында тұрған бейнелерге мән берген дұрыс. Ал, сәтсіз шыққан кадрды телефон жадынан мүлде өшіріп тастаған жөн. Әйтпесе, телефоныңызды алған адам мұны әлеуметтік желіге жүктеуі мүмкін. Ал, желіде бір жарқ еткен сурет бір жұма бойы «хит» болуы ғажап емес. Тіпті, «ватсапп» желісі арқылы дүйім жұртқа жайылса да, таң қалмаңыз, - дейді ол.
Бұл – мәселенің бір қыры ғана. Ал, жарияланған жазбалардың астында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап кететін пікірлерді қайда қоясыз? Бірінің «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықса», екіншісі ар-намысқа тиетін сөздерді жаңбырша жаудырады. Сірә, мұндайда не істеуге болар?
...Жуырда тұрғындар арасында қызықты сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде, жастар «Инстаграм» мен «ВКонтакте» әлеуметтік желісін басқаларынан жиірек пайдаланатын болып шықты. Сұралғандардың көп бөлігі ғаламтордағы әдеп сақтау ережелерінен бейхабар екені анықталды. Олардың жартысынан көбі «әдеп мүлде сақталмайды» десе, төрттен бірі ғана «сақталады» деп жауап беріпті.