Ішкі істер министрлігінде Мемлекет басшысының “Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм” атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларын іске асыру мәселесі бойынша кеңес өтті. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін министр жеке құрамға нақты міндеттер қойды,- деп хабарлайды newsroom.kz
– Президент қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын орнықтыру қажеттігін атап өтті. Ішкі істер министрлігіне ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, заңсыз иммиграция және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Есірткімен күрес және жолдағы қауіпсіздік – басты назарда. Тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауда ішкі істер органдары маңызды рөл атқарады, – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, министр ІІО-ның барлық басшыларынан алдын алу жұмыстарын күшейтуді, әрбір құқық бұзушылық бойынша қатаң шаралар қабылдауды және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды талап етті.
ІІМ мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері қылмыстық құқық бұзушылықтар саны төрт мыңға, қылмыстар саны жеті мыңға қысқарған.
– Біз азаматтардың сенімін ақтауға және еліміздің әр бұрышында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндеттіміз, – деп түйіндеді ІІМ басшысы.