ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адилов Құрылтайдағы брифингте осы мәселеге қатысты сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, полиция қызметкерлері Threads қолданушыларына мұндай қоңыраулар шалмаған.
«Ешқандай қоңырау болған жоқ. Қызметкерлер мұндай әрекетпен айналыспайды», – деді Санжар Адилов.
Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушыларының бірқатары Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін өздеріне полиция қызметкері ретінде таныстырған адамдар хабарласып, жарияланымдарын өшіруді сұрағанын айтқан. Кейбір азаматтар мұндай қоңыраулардың аудиожазбалары мен скриншоттарын да жариялаған.
Мәселен, Алматы тұрғыны Темірлан өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған адамның Threads-тағы жазбасын өшіруді сұрағанын мәлімдеген. Ол жазбасында Қорғаныс министрлігі басшылығын сынға алған. Бұл оқиға бойынша ІІМ-нің ресми жауабы жарияланды.
Сонымен бірге әлеуметтік желілерде тараған кейбір мәлімдемелер мен скриншоттардың шынайылығы тәуелсіз түрде толық расталмаған.
Брифинг барысында Адилов ішкі істер органдарының Маңғыстау облысында және ел бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күшейтілген режимде жұмыс істегенін атап өтті.