Министрлік мәліметінше, биыл жол-көлік оқиғаларының саны 5%-ға, қаза тапқандар 15%-ға, жарақат алғандар 6%-ға азайған. Алайда ІІМ бұл көрсеткіштерге тоқмейілсуге болмайтынын атап өтті.
Ведомствоның мәліметінше, елдегі 3 мың патрульдік көліктің 86%-ы мобильді кешендермен жабдықталмаған. Бұл олардың жылдамдықты асыру, іздеудегі көліктер мен басқа да құқық бұзушылықтарды анықтау мүмкіндігін шектейді. Министрлік цифрлық жабдықтарды сатып алуды жергілікті бюджет есебінен жеделдету қажеттігін айтты.
Сондай-ақ ІІМ жедел жәрдем көліктері мен қоғамдық көлікке жылдамдық өлшейтін құрылғылар орнату мәселесін көтерді. 25 тамыздан бастап мұндай жабдықтарды орнатуға заңнамалық мүмкіндік берілгенімен, қазір ел бойынша қоғамдық көліктерге небәрі бес, жедел жәрдем көліктеріне үш құрылғы орнатылған.
Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне қатысты да мәселе көтерілді. «Ақылды жаяу жүргінші» жүйесі 126 жерде жұмыс істейді, алайда 12 өңірде бұл жүйе мүлдем орнатылмаған. ІІМ әкімдіктерге мұндай құрылғыларды енгізуді жеделдетуді ұсынды.
Жол инфрақұрылымы бойынша полиция тексеру нәтижесінде 1 мың шақырым қоршау, 500 бағдаршам және 11 мың жол белгісі орнатылған, 259 реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі жабдықталған. Сонымен бірге жолдарды тиісті деңгейде ұстамау бойынша төрт қылмыстық іс тергеліп жатыр.
ІІМ республикалық маңызы бар жолдарға да назар аударды. Ведомство мәліметінше, жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандардың жартысына жуығы осы жолдарға тиесілі. Сонымен қатар заманауи талаптарға тек 16% жол сәйкес келеді. Осыған байланысты бірінші санаттағы 6 мың шақырым жол салу қажеттігі айтылды.
Елді мекендердегі жағдай да министрлік назарында. Барлық жол-көлік оқиғаларының 80%-ы және қаза болғандардың үштен бірі елді мекендерде тіркеледі. Негізгі проблемалардың қатарында жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жарықтандыру мен тротуарлардың жеткіліксіздігі аталды.
Бұдан бөлек, ІІМ самокаттарға арналған велосипед инфрақұрылымын кеңейтуді ұсынды. Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда кемінде 2 мың шақырым веложол қажет, ал қазір олардың нақты ұзындығы 937 шақырымды құрайды. Алматыда 12 мыңнан астам самокат болғанымен, веложолдардың ұзындығы небәрі 89 шақырым.
Министрлік көлік жүргізушілеріне қатысты балдық жүйе енгізуді де пысықтап жатыр. Ұсыныс бойынша әрбір жол қозғалысы ережесін бұзу және оның ауырлығы есепке алынады. Қайталанған және ауыр құқық бұзушылықтар үшін айыппұлмен қатар жүргізуші куәлігін бір жылға тоқтату қарастырылмақ. Тиісті түзетулер Құрылтай қарауына енгізілетіні айтылды.
ІІМ жол қауіпсіздігі бойынша жұмысты жалғастырып, проблемалық учаскелер мен инфрақұрылымның жай-күйін күнделікті бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.